«Референдумда халық өз таңдауын көрсетті»

ҚР Парламент сенатының депутаты Амангелді Толамисовтың айтуынша, референдум – бұл еліміздің ең өзекті деген мәселелерді халық болып шешудің тетігі.
«Кеше өткен референдум еліміздің болашағы үшін маңызды, қоғамда қызу талқыда болған атом электр станциясын салу бойынша халықтың өз таңдауын көрсетті. Референдумның алдын-ала нәтижелері бойынша дауыс бергендердің төрттен үш бөлігі «Иә» деп дауыс бергенің көріп отырмыз. Мемлекет басшысы халыққа жолдауында референдум күні белгілі болған күннен бастап, әлеуметтік желілерде, ел ортасында осы мәселе қызу талқылана бастады. Көбінесе атом энергетиксы саласына қатысы жоқ адамдардың негізссіз, эмоцияға негізделген ақпараттары мен әртүрлі атом энергиясы бойынша аңыздар халық арасында көптеп тарай бастағаны байқалды. Бірақ республикалық және өңірлік штабтар құрылып, нақты мамандармен бірлесіп жүргізілген түсіндірме жұмыстары нәтижесінде, халық нақты ақпараттардан құлақдар болып, өздерін алаңдатқан сұрақтарға жауап алу арқылы өз таңдауларын жасады деп нақты сеніммен айта аламын.
Жалпы осы өткен Референдум азаматтық қоғам мен елдің демократиялық институттарын нығайтудағы маңызды қадам болды. Президенттің мұндай дауыс беруді өткізу туралы бастамасын қолдау қазақстандықтардың өз болашағына қатысты шешімдерге ықпал ету мүмкіндігіне сенетінін және саналы азаматтық қоғамды қалыптастыруға ықпал ететін еліміздің саяси өміріне белсенді қатысуға дайын екенін көрсетті. Мұнымен қоса, жұртшылық осы мәселе бойынша сындарлы диалогқа қатысып, бұл референдумның деңгейін сапалы түрде көтеріп, оның еліміздің саяси тарихы үшін жоғары маңыздылығын көрсетті», – дейді ол.