Қазақстан мен Ресей арасындағы шекарада көлік қозғалысына шектеу қойылуы мүмкін

Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара бекетінде көлік қозғалысы уақытша шектелуі мүмкін, деп хабарлайды ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.

Комитеттің хабарлауынша, 2024 жылдың 7 қазанынан бастап Қазақстанмен іргелес Саратов облысындағы «Озинки» автомобиль өткізу бекетінде – Тасқала өткізу пунктінде жүк тасымалы жолағындағы жол төсеміне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Осыған байланысты өткізу пунктінде шектеулер болуы мүмкін. Жөндеу жұмыстарының аяқталуының болжамды мерзімі — 2024 жылдың 31 қазанына дейін.

ҚР ҚМ МКК «Тасқала» автомобиль өткізу пункті арқылы мемлекеттік шекараның Қазақстан-Ресей учаскесін кесіп өтуді жоспарлау кезінде осы ақпаратты ескеруді сұрайды

«Қосымша өзекті ақпарат ҚР ҚМ МКК ресми парақшаларында орналастырылады», — делінген хабарламада.