Қосымша құн салығы шегін неліктен көтеру қажет — Серік Жұманғарин түсіндірді

Қазақстанда қосылған құн салығы шегін 15 млн теңгеге дейін төмендету ұсынылды. Бұл шара шағын және орта бизнеске айтарлықтай әсер етпейтіні айтылды.
ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Серік Жұманғарин Үкіметтің кеңейтілген отырысында неліктен ҚҚС шегін көтеру қажеттігін түсіндірді.
Қазіргі уақытта Парламентте жаңа Салық кодексінің жобасы талқыланып жатыр. Оған салықтық жеңілдіктерді қысқарту, екінші деңгейлі банктерге, ойын бизнесіне, сән-салтанат бұйымдарына салықты арттыру сияқты бірқатар шара қарастырылған.
Алайда С. Жұманғарин бұл шараларды сапалы экономикалық өсім мәселелерін толық шешуге жеткіліксіз деп отыр.
— Бізде даму бюджеті жеткіліксіз деңгейде, бұл салықтардың аз жиналуымен байланысты. Шоғырландырылған бюджеттің салық түсімдерінің ЖІӨ-ге қатысты үлесі 20%-ды құрайды, ал республикалық бюджеттің салық түсімдерінің ЖІӨ-ге қатынасы тіпті аз — 10,8%. Бұл көрсеткіш дамыған елдерде 40%-дан асады, — деп атап өтті Үкімет басшысының орынбасары.
Негізгі салықтардың бірі — қосылған құн салығы (ҚҚС). Жалпы жиналған салықтар құрылымында ҚҚС-тың үлесі 24%-дан асады.
— Алайда, ҚҚС-тың мәні бұрмаланып отыр, бұл бұрынғы жылдары жүргізілген салық реформаларының салдары. 1995 жылдан 2009 жылға дейін ҚҚС мөлшерлемесі 20%-дан 12%-ға дейін, ал КТС (корпоративтік табыс салығы) 30%-дан 20%-ға дейін төмендетілді. Бұл шаралар салық және инвестиция климатын жақсарту, елде кәсіпорындар мен инвестицияларды көбейтуді мақсат етті. Бір уақытта көптеген салықтық жеңілдіктер беріліп, жалпы салық жүйесі либералданды, ал салықтардың жиналуы азайды. Салықты оңтайландыруға мүмкіндік беретін заңды жолдар пайда болды, бизнес ұсақталып кетті. Ал ҚҚС іс жүзінде 12%-дық бөлшек салыққа айналды, — деп түсіндірді спикер.
Бүгінде елімізде тіркелген 2 миллион 300 мыңнан астам салық төлеушінің 137,7 мыңы ғана ҚҚС төлейді, бұл жалпы санының 6%-ы ғана. Олардың ішінде нақты ҚҚС төлейтіндер 88 мың немесе барлық салық төлеушілердің 4%-ы ғана.
— Негізгі себептердің бірі — ҚҚС бойынша тіркеу шегінің жоғары болуы (78 миллион теңге). Сондықтан, бірінші кезекте, біз ҚҚС шегін 15 миллион теңгеге дейін төмендетуді ұсынамыз. Қазіргі таңда осы шектерде ШОБ-тың 80%-ы жұмыс істейді, сондықтан бұл шара олардың көпшілігіне айтарлықтай әсер етпейді. ЭЫДҰ елдерінде ҚҚС тіркеу шегі бұдан да төмен, ал кейбір жетекші экономикаларда ол тіпті нөлге тең. Осылайша, ҚҚС қайтадан есептеуге арналған салыққа айналады, — деді Серік Жұманғарин.