Қазақстанның балалар хирургиясының негізін қалаушы Камал Ормантаев өмірден озды

Бүгін елдің медицина жұртшылығы орны толмас қазаға ұшырады. 89 жасқа қараған шағында Қазақстандағы балалар хирургиясының негізін қалаушы, педиатр дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, профессор, еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан профилактикалық медицина академиясының академигі және вице-президенті, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Камал Сәруарұлы Ормантаев өмірден озды, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз орталығы.
Камал Сәруарұлы 1936 жылы Қызылорда облысында туған. 1953 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының педиатрия факультетіне түсіп, медицинада өз жолын бастады. 1968 жылы ол бүкіл ғылыми мектептің дамуына негіз қалап, осы институттың балалар хирургиясы кафедрасын басқарды. Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының директоры (1980-1993) болды.
Өзінің айрықша еңбек жолында ол мыңдаған баланың өмірін сақтап қалу үшін 20 000-ға жуық күрделі операция жасады. Оның еңбегінің арқасында 1500-ден астам практика дәрігері даярланды, олардың көпшілігі Қазақстанда және одан тыс жерлерде үздік мамандар болды.
Еліміздің медицина жұртшылығы отандық медицинадағы орны мен рөлі шын мәнінде бірегей болып табылатын қазіргі заманның ең үздік хирургтарының бірі болған ұлы дәрігердің, педагогтың өмірден озуына қатты қайғыруда. Камал Ормантаевтың есімі Қазақстан медицинасының шежіресіне алтын әріптермен жазылған.
Оның даналығы, біліктілігі және өз мамандығына деген жауапкершілігі мен сүйіспеншілігі онымен жұмыс істеу құрметіне ие болған дәрігерлердің көптеген ұрпақтары үшін үлгі болып қала береді.
Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігі Камал Сәруарұлы Ормантаевтың отбасы мен жақындарына көңіл айтып, ұлы балалар дәрігерінің жарқын бейнесі мәңгі есте сақталатынын айтты.