Шерзат Болатты өлтірді деген күдіктілер түрмеде той тойлап жүр (ВИДЕО)

Желіде 16 жасар Шерзат Болатты өлтірді деген күдіктілердің тергеу изоляторында туған күн тойлаған сәті тарап жатыр. Бейнежазба Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданының уақытша ұстау изоляторында 8-9 ақпанда түсірілген.
“Талғар тұрғыны Шерзат Болатты өлтірді деп күдікке ілінгендер СИЗО-да туған күн тойлап, торт әкеліп, тәтті сусын ішкен. Тіпті дауыстық көмекшіден Қайрат Нұртастың әнін қосуды сұраған. Түк болмағандай, мәз-мейрам…”, – делінген хабарламада.
Алматы облысының полиция департаменті оқиғаға қатысты түсініктеме беріп, “видеодағы барлық тұлға, соның ішінде басшылық та қатаң жауапкершілікке тартылады” деп мәлімдеді. Бейнежазбаның таралу фактісі бойынша жан-жақты тексеріс басталғаны белгілі болды. Еске сала кетейік, жасөспірім Шерзат Болатты өлтіру оқиғасы 4 қазанға қараған түні болған. Бастапқыда полиция оқиғаға қатысы бар барлық адам ұсталды деп мәлімдесе, кейін марқұмның ата-анасы шын мәнінде күдіктілердің біразы бостандықта жүргенін айтқан еді.