Қошанов: Әділетті Қазақстан – қол жетпес арман емес

Мәжілісте палата төрағасы Ерлан Қошанов «Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформаларын іске асыру – мемлекеттік құрылыстың жаңа тарихи кезеңі» атты баяндама жасады.

– Шын мәнінде, Жаңа, Әділетті Қазақстан қол жетпес арман емес. Ол – халқымыздың талап-тілегінен, қоғамның сұранысынан туындаған қажеттілік, өмірдің шындығы. Ал, реформалар жай ғана заңды өзгерту емес, тұтас мемлекет пен қоғамның болмыс-бітімін жаңарту, жаңғырту, – деді спикер.

Оның пайымдауынша, әлемде жетістікке жетудің әмбебап моделі жоқ. Тек жалпыға ортақ принциптер ғана бар.

– Ол – әділдік, еркіндік және даму. Президент қолға алған реформалардың да түпкі мәні – осы. Біз қазір мүлде жаңа, өзгерістер дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Сол тарихи үдерістердің куәгері әрі қатысушысы бола тұра, оның маңызын әрдайым терең сезіне бермейміз. Оны үйреншікті, күнделікті жағдай сияқты көреміз. Ал, шын мәнінде, кез келген тарихи, тағдырлы оқиғаларға өз уақытында, лайықты баға берілуі керек, – деді Ерлан Қошанов.