Билікөлде екі ауылға газ тартылып жатыр

Халықтың тұрмысын жеңілдету ісінде табиғи газдың да алатын орны ерекше. Еліміздің кейбір облыстарында әлі күнге көгілдір отынға қол жеткізе алмай отырған елді мекендер жетерлік. Ал Әулиеата өңірі бұл жағынан көш ілгері келеді.
Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында етек-жеңімізді жинау мемлекет үшін оңай соқпады. Сол кездердегі қаржы дағдарысынан еліміз сәтті шыққаннан кейін облыста елді мекендерге газ тарту ісі баяу болса да жүргізілді. Оның ішінде Жуалы ауданы орталығына және оған жақын орналасқан бірқатар ауылдарға газ құбыры тартыла бастады.
Бүгінде аудан орталығымен қоса оған алыс орналасқан ауылдарға газ тарту ісінің сәтті басталып, бүгінде ол іс нәтижелі аяқталып келе жатқаны көңіл қуантады. Таулы өңірге табиғи газ құбырын тарту ісіне ел қазынасынан тиісті қаржы жұмсалып, бүгінде Боралдай ауылдық округіне дейін көгілдір отынның қызығын көруде.
Нақты мәліметтен мысал келтірсек, кейінгі төрт-бес жылдың бедерінде ауданғы газ құбыры жоқ елдімекендер – Күреңбел, Жетітөбе және Боралдай ауылдық округтеріне қарасты ауылдардың барлығына дерлік магистральды газ құбыры тартылды. Ауыл тұрмысына қолайлы жағдайдың жасалуы ондағы тұрғындардың да қуанышын еселей түсті. 2022-2023 жылдары Қошқарата ауылындағы кварталішілік газ тарту жұмыстары толықтай аяқталып, тұрғындардың игілігіне пайдалануға берілген болатын. Бұл ретте айта кететін маңызды мәселе бар. Табиғи газбен қамтамасыз етудің үлесіне келер болсақ, жалпы ауданға қарасты 49 елдімекеннің былтыр 45-іне көгілдір отын жеткізілді. Осылайша табиғи газбен қамтылған ауылдардың үлесі – 91,8 пайызды құраған екен.
Тұрмыстық игіліктердің болуы – ауыл тұрғындарының өмірін жеңілдетуге үлкен сеп. Соңғы үш жылдың ішінде ауызсу және табиғи газ тарту жұмыстары атқарылған округтердің бірі – таулы өңірді жайлаған Боралдай ауылдық округі болатын. Негізінен ауыл шаруашылығы ісін күнкөріспен қатар тұрақты табыс көзіне айналдырып отырған округтің еңбекқор жұртшылығы үшін бұл үлкен қуанышты оқиға болғаны рас. Ауылға ауызсу және газ құбырларын тарту мәселелері Боралдай ауылдық округі тұрғындардың тарапынан бұдан көп жыл бұрын көтеріліп келе жатқан өте өзекті мәселенің бірі еді. 2020 жылы ауылдық округтің орталығы Көлтоған ауылына және сол жылдың соңында Ертай ауылына ауызсу құбыры тартылып, ресми түрде пайдалануға беріліпті. Қаншама жыл таза судың азабын тартқан ауыл тұрғындары үшін бұл үлкен қуанышты оқиға болғаны рас. Кейіннен Рысбек батыр ауылына да ауызсу тартылды. Ауызсудың азабы өз алдына, округтің тұрғындары табиғи газ құбырына қосылуды да көптен бері армандап келген көрінеді. Бұл мәселе де 2021 жылы өз шешімін тауып, қазіргі таңда ол ауылдық округ тұрғындарының барлығы дерлік көгілдір отынның игілігін сезініп отыр. Осы орайда ауыл тұрғындары тұрмыстық игіліктердің қолжетімділігін арттырған Президенттен бастап, ел Үкіметіне және облыс, аудан басшыларына және ауылдан шыққан жанашыр азаматтардың барлығына алғыстан басқа айтар тілегі жоқ.
Қазіргі таңда Боралдай ауылдық округіне қарасты үш бірдей ауылдың тұрғындарына ауызсу және көгілдір отын тұрақты берілу үстінде. Суы үй ішінде, үйі де ұядай жылы. Бір сөзбен айтқанда, ауылдың берекесі кіріп қалған. Ауыл әйелдері от жағып, күл шығару азабынан құтылған. Ауызсу да тұрғын үйлердің ішіне кіргізілген. Осыған сәйкес, тұрмысқа қолайлы жағдайлар да жасалу үстінде.
– Табиғи газ – ел игілігі. Былтыр аудан көлемінде газбен қамтылмаған тек Билікөл ауылдық округіндегі екі ауыл ғана қалған еді. Ондағы төрт елдімекенге, атап айтқанда, ауылдық округтің орталығы – Қарабастау, Әбдіқадыр, Жылыбұлақ және Дарбаза ауылдарына кварталішілік газ тартуға және магистралды газ тарту желілерінің құрылысына уақытында жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, облыстық тиісті басқарма арқылы салалық министрлікке бюджеттік өтінім жолданды. Кезекті нақтылауда қолдау тауып, былтыр-биыл ауылдық округке табиғи газ кіргізу жұмыстары жүргізіліп жатырн. 2024 жылы Жуалы ауданда 45 елді мекен табиғи газбен қамтылып, пайызға шаққандағы көрсеткіш – 91,8 пайызды құраған болатын. Бүгінгі күнге аудан бойынша 47 елді мекен табиғи газбен қамтылған, пайызға шаққанда 95,9 пайызды құрайды. 2024 жылы Қарабастау, Жылыбұлақ ауылдарының кварталішілік газ тарту және магистралды газ тарту желілерінің құрылысы жүргізілді. Қазіргі уақытта Дарбаза, Абдықадыр ауылдарында кварталішілік газ тарту жүйесінің құрылысы жүргізілуде.
«Жуалы ауданы Билікөл ауылдық округі Әбдіқадыр ауылына кварталішілік газбен жабдықтау желілерін салу құрылысы» 2,942 шақырымды құрайды.
Сондай-ақ Дарбаза ауылына кварталішілік газбен жабдықтау желілерін салу құрылысы» 1,89 шақырым болып отыр. Мердігер «Құрылыс – 2015» ЖШС, қаржысы -30 654,8 мың теңге. Жыл қорытындысымен аудандағы елді мекендер толығымен табиғи газбен қамтылатын болады, – дейді аудан әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Жатқанбаев.
Билікөл ауылдық округінің әкімі Еркебұлан Камбарбековтің айтуынша, округке қарасты 4 елді мекен ішінде газ кіріп жатқан Дарбаза ауылында 29 түтін, 129 тұрғын бар, Ал Әбдіқадыр ауылында 42 аула, 184 адам тұрады
ауылдары.