Алтынға бергісіз қола: Елдос Сметовке бауырлары жаңа көлік сыйға тартты

Елдос Сметовты күтіп алу салтанатына қазақ эстрадасының әншілері, айтыскер ақындар және Олимпиада жүлдегерінің алғашқы жаттықтырушысы да келді. Шәкіртінің жетістігіне шаттанған жаттықтырушы қуаныштан көзіне жас алды.

«Міне, нағыз чемпион. Менің алғашқы жаттықтырушым. Кішкентай кезімнен мені өз баласындай көріп, алақанына салып өсірген менің бапкерім», — деді Елдос Сметов.

Ел мерейін асқақтатқан спортшыны күтіп алу салтанатында шашу шашылып, оған жаңа автокөлік сыйға тартылды.

«Олимпиада өте керемет өтті. Залдың бос болғаны біз үшін ыңғайысыз болды. Ең қиын болған белдесу ол – ақтық сайысқа жолдама берілетін финалдық белдесу. Осылай бұйырып тұр екен. Осының өзіне қуаныштымын. Менің елім, жерім, халқым үшінші орынды бірінші орын ретінде қабылдап, мені Олимпиада чемпионы ретінде күтіп алды», — деді екі дүркін Олимпиада жүлдегері.