«Тұран» мен «Қызылжар» ойынында қазылық еткен төрешілер қызметінен шеттетілді

Тимур Кумашев пен Георгий Чеховский маусымның соңына дейін жұмысынан шеттетілді. Бұл туралы ҚФФ-ның баспасөз қызметі хабарлады.
ҚФФ Төрелік және инспекция департаментінің директоры Нуну Алешандре Паррейра де Каштру Қазақстан Премьер-лигасының 16-туры аясында өткен «Тұран» – «Қызылжар» матчындағы төрешінің даулы шешіміне байланысты ресми түсініктеме берді.
Төрелік және инспекция департаменті қоғамда үлкен резонанс тудырған эпизодты қарап, бас төреші Тимур Кумашев пен видеокөмекші Георгий Чеховскийдің келісілген ойындарға қатысы болуы мүмкін деген ҚФФ Интегрити офицерінің мәліметін зерттеді.
12 шілдеде өткен матчтың 84-минутындағы эпизод жан-жақты талданып, бейнематериалдар қаралды. Төрешілердің түсініктемелері мен сарапшылар пікірі тыңдалды.
– Тексеру барысында «Тұран» қорғаушысы шабуылшыны екі қолымен ұстағаны анықталды. Алайда шабуылшының кейінгі әрекеті: әдейі құлау және шынайы жанасуға сай келмейтін симуляция ретінде бағаланды. 11 метрлік айып добын белгілеуге себеп болғанымен, бұл жағдайда ең дұрыс шешім – пенальти белгілемеу еді.
Бас төреші мен VAR тарапы эпизодты жеткілікті кәсіби деңгейде бағаламады. Сондай-ақ төрешілер бригадасының өзара үйлесімді әрекет етпеуі салдарынан негізсіз шешім қабылданғаны тіркелді, – делінген ресми түсініктемеде.
Бұған қоса, Тимур Кумашев осыған дейін ҚФФ Интегрити офицерінің ұсынысымен бір айға төрешіліктен уақытша шеттетілген болатын. Ал Георгий Чеховскийге қатысты тергеу жүргізілгенге дейін оны да қызметінен шеттету ұсынылған. Аталған екі тұлға да келісілген ойындарға қатысы бар деген күдікпен жүргізіліп жатқан тергеуге іліккен.
ҚФФ төрешілік жүйесіне деген сенімді сақтау және оның беделін қорғау мақсатында, сондай-ақ Интегрити офицерінің ұсынымына сәйкес, Тимур Кумашев пен Георгий Чеховский 2025 жылғы маусымның соңына дейін ҚФФ аясындағы матчтардан шеттетілді.