Ақтөбеде парашютпен секіру оқу-жаттығуында курсант көз жұмды

Қазіргі кезде қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

Оқиға 15 шілде күні болды. ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштері әскери институтының баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, курсант жоспарлы оқу-жаттығу кезінде парашютпен секірген. Сол кезде алған жарақатынан оқиға орнында мерт болды.

– Алдын ала ақпаратқа сәйкес секіру кезінде әскери қызметшінің парашюті ашылмай қалып, орны толмас қазаға себеп болды. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу жүргізіліп жатыр. Әскери институт пен Әуе қорғанысы күштерінің қолбасшылығы қаза тапқан курсанттың туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады. Оларға барлық қажетті көмек көрсетіледі,- деп хабарлады ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштері әскери институтының баспасөз қызметі.