Мәзір
Ақпарат

«Интернет алаяқтық туралы ақпаратқа бей-жай қарамау керек»

«Интернет алаяқтық туралы ақпаратқа бей-жай қарамау керек»

Бұған дейін еліміздің 16,3 миллион азаматының жеке дерегі қолды болып, жарияланып кеткені туралы ақпарат тараған болатын. Азаматтардың жеке деректерінің жариялануы қандай қауіп-қатер тудырады?

Заңгер Нұрсұлтан Орынбековтің айтуынша, жеке деректердің жариялануы интернет алаяқтарының белсенді жұмыс істеуіне ықпал етеді. Сондықтан азаматтар алаяқтардың арбауына түспеу үшін сақ болуы қажет.

«Азаматтардың жеке деректері жарияланғаннан кейін интернет алаяқтықтың өршуі қалыпты құбылысқа айналып отыр. Себебі алаяқтар орта деңгейлі банк немесе медициналық ұйымдар арқылы жеке мәліметтерді қолды етеді. Олар азаматтардың деректеріне оңай қол жеткізген соң, өздерінің арам пиғылын жүзеге асыру үшін түрлі қулыққа барады. Мәселен, «Сіздің банк картаңыздан біреу ақша шешіп алғалы жатыр» деп хабарласып, адамдарды алдап кетеді. Жеке деректердің алаяқтардың қолына түсуі халық үшін өте қауіпті.

Интернет алаяқтарының арбауына түспеу үшін әр адам бірінші кезекте сақ болуы керек. Бұл ретте қаржылық, цифрлық және құқықтық сауаттылықты арттыру аса маңызды. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында көтеріліп жатқан интернет алаяқтыққа қатысты ақпаратқа бей-жай қарамау қажет. Өйткені «Мен алаяқтарға алданбаймын, интернеттегі қулыққа тек аңқаулар түседі» деп ойлау қате. Шын мәнінде кез келген адам алаяқтардың құрбаны болуы мүмкін. Сондықтан әркім өз жеке деректерін ешкімге бермеуі керек. Тіпті телефоныңызға 1414 нөмірінен хабарлама келсе де немесе «Полициядан хабарласып тұрмыз» десе де, жеке мәліметті айтуға болмайды. Ұзын сөздің қысқасы – телефон арқылы ешқандай маңызды ақпарат берілмеуі тиіс.

Екіншіден, мемлекеттік органдар тарапынан да жеке деректердің таралуына қатысты жауапкершілікті күшейту қажет. Сонда ғана адамдар өздерінің қорғалғанын сезінеді. Ал қазір азаматтардың деректері ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатыр. Мұндай жағдайда «бізде киберқауіпсіздік бар» деу қиын. Сондықтан қарапайым халық пен мемлекет бірлесе отырып, интернет алаяқтармен күресуі тиіс», – дейді ол.