ALASHORDA Мәзір
Сайлау

Ақмола облысындағы кездесуде кәсіпкерлер мен ұстаздар «Әділет» партиясына өз ұсыныстарын айтты

Ақмола облысындағы кездесуде кәсіпкерлер мен ұстаздар «Әділет» партиясына өз ұсыныстарын айтты
ФОТО: «Әділет» партиясы

«Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабы Ақмола облысына ат басын тіреп, өңір тұрғындарымен кездесті. Көкшетауда өткен жүздесуде партия өкілдері экология мен инфрақұрылымды дамытуға қатысты бастамаларын таныстырды. Жиынға қатысқан кәсіпкерлер бизнесті қолдаудың жаңа тетіктерін ұсынып, білім саласының өкілдері жасанды интеллектіні оқыту жүйесіне енгізу мәселесін көтерді.

Партия төрағасы Айбек Дәдебай мен республикалық штабтың басқа да мүшелері өңірдегі кәсіпкерлермен, білім беру саласының өкілдерімен және тұрғындармен кездесіп, ашық пікір алмасты.

Кездесуде кәсіпкерлікті қолдау мәселесіне ерекше назар аударылды. Кәсіпкер Индира Нұрлан өнеркәсіпті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламаларды «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін бірыңғай цифрлық платформаға біріктіруді ұсынды. Оның айтуынша, мұндай жүйе кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау тетіктері туралы ақпаратты бір жерден алып, өтініш беруге және оның қаралу барысын онлайн бақылауға мүмкіндік береді.

Жаңа экономикаға қажетті мамандарды даярлау мәселесі де күн тәртібінен тыс қалған жоқ. Колледж оқытушысы Нұржамал Оспанова мектептерде жасанды интеллект технологияларын кезең-кезеңімен енгізуді, оқушыларға цифрлық және ЖИ дағдыларын ерте жастан үйретуді, ал колледждерде робототехника мен цифрлық инженерия бағыттарын күшейтуді ұсынды.

Ал Құрылтай депутаттығына кандидат Рауан Кенжеханұлы партияның экологиялық бастамаларын таныстырды. Оның сөзінше, партия Қазақстандағы орман алқабының көлемін 14,5 миллион гектарға дейін ұлғайтуды ұсынып отыр. Сондай-ақ 2030 жылға қарай таза энергия көздерінің үлесін кемінде 15 пайызға, ал 2050 жылға қарай 50 пайызға жеткізу жоспарланғанын жеткізді.

Жұртшылықпен кездесуде өңірлік инфрақұрылымды жаңғырту мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Құрылтай депутаттығына кандидат Юлия Кучинская бағдарламадағы инженерлік желілер мен жол инфрақұрылымын жаңартуға қатысты жоспарларға тоқталды.

«Ел бойынша 86 мың шақырым инженерлік желі салынып, қайта жаңғыртылады. Бұл олардың орташа тозу деңгейін қауіпсіз деп саналатын 40 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар 2029 жылға дейін республикалық маңызы бар 10 мың шақырым жол жөнделіп, жергілікті және аудандық жолдардың нормативтік талапқа сай үлесі 95 пайызға дейін жеткізіледі», – деді Юлия Кучинская.

Жиын соңында партия төрағасы Айбек Дәдебай өңірлердегі кездесулер Президент қолға алған реформалар мен конституциялық өзгерістердің қоғам тарапынан қолдау тауып отырғанын көрсететінін айтты. Сондай-ақ ол партияның өңірлерді дамыту мен ауыл шаруашылығын қолдау бағытындағы ұсыныстарына тоқталды.

«Бүгінде өңірлерді дамыту Мемлекет басшысының назарында. Біздің міндетіміз – әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, олардың дамуын қамтамасыз ету, жергілікті жерлердің өкілеттігін кеңейту және адамның қай жерде тұратынына қарамастан лайықты өмір сүруіне жағдай жасау», – деді ол.

Партия өкілдерінің айтуынша, кездесу барысында тұрғындар көтерген барлық ұсыныс алдағы уақытта «Қуатты өңірлер – қуатты ел» бағыты аясындағы жұмыстарда ескерілетін болады.

Еске салайық, республикалық штаб өкілдері сайлау науқаны басталғалы өңірлерді аралап жүр. Бұған дейін олар Түркістан, Маңғыстау, Атырау, Қарағанды және Ұлытау облыстарына барып, тұрғындармен кездесулер өткізген еді.

Дайындаған:

«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.

«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.

Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.