«Әділет» партиясы Республикалық сайлауалды штабы Маңғыстау облысындағы сапарын Каспий теңізінің жағалауында әдемі кешпен қорытындылады. «ӘDILET EVENT» Open Air мәдени іс-шарасына 10 мыңға жуық тұрғын мен қала қонақтары жиналды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, ауқымды шара қоғамдағы бірлікті нығайтуға, төл мәдениетімізді дәріптеуге, жастардың шығармашылық өрісін кеңейтуге және заманауи қоғамдық орта қалыптастыруға бағытталған.
Мерекелік концерт әртүрлі жастағы адамдардыңбасын қосты. Кеш бойы сахнада отандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп, көрерменге мерекелік көңіл-күй сыйлады. Теңіз жағасындағы амфитеатр балалы отбасыларға, жастар мен қала меймандарына лық толды. Жұрт өнерпаздармен бірге ән айтып, қошемет көрсетті.
Көкке көтерілген жүздеген дрон түнгі аспанды түрлі бейнелермен әрледі. Ақтау аспанында алдымен Қазақстан картасы мен азаттықтың айшықты символы - қыран бүркіт пайда болды. Шара соңында Мемлекеттік Ту бейнеленді. Музыкамен әрленген әсерлі шоу мерекенің сәнін кіргізді.
Осылайша «Әділет» партиясының Республикалық штабы Маңғыстау өңіріндегі бір күндік сапарын түйіндеді.
Бүгін Партия Төрағасы Айбек Дәдебай бастаған делегация Ақтауда бірқатар маңызды кездесулер өткізген еді. Атап айтқанда, «ҚазАзот» АҚ еңбек ұжымымен, халықаралық теңіз сауда портының жұмысшыларымен, балық шаруашылығы мен теңізсервисі мамандарымен жүздесті. Түс ауа штаб мүшелері Жаңаөзенге бет алып, мұнайшылармен және белсенді жұмысшы жастармен кездесті.
Басқосуларда партия «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Жиын барысында өнеркәсіпті өркендету, мұнайды терең өңдеу, еңбек адамының құқығын қорғау және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері сөз болды. Сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдау, Каспий экожүйесін сақтау, Транскаспий көлік бағытын дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, цифрландыру мен жастарға мүмкіндікді кеңейту жайы талқыланды. Өңір тұрғындары айтқан барлық ұсыныс есепке алынып, Республикалық штабқа жолданатын болды.
Айта кету керек, Маңғыстау облысына жасалған сапар «Әділет» партиясының өңірлердегі сайлауалды науқанының екінші кезеңі. Бұған дейін Республикалық сайлауалды штаб мүшелері Түркістан облысында болып, онда да кездесулер өткізген еді.
Дайындаған:
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.
«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.