Мәзір
Әлем

АҚШ пен Иран бейбіт келісімге келгенін Пәкістан жариялады

АҚШ пен Иран бейбіт келісімге келгенін Пәкістан жариялады
Фото: BBC// GETTY IMAGES

Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф АҚШ пен Иран арасында бейбіт келісімге қол жеткізілгенін және өңірдегі, соның ішінде Ливандағы әскери іс-қимылдардың тоқтатылатынын мәлімдеді. Бұл туралы BBC жазды, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

Оның айтуынша, келісім аясында барлық бағыттағы әскери әрекеттерді дереу және толық тоқтату көзделген. Ресми қол қою рәсімі 19 маусым күні Швейцарияда өтеді деп жоспарланып отыр.

Шарифтің сөзінше, Пәкістан келіссөздер барысында делдалдық рөл атқарған. Ол сондай-ақ, келісімге қол жеткізуге атсалысқан АҚШ, Иран, Катар, Сауд Арабиясы және Түркия биліктеріне алғыс білдірді.

Пәкістан премьер-министрі алдағы күндері тараптар мен делдал мемлекеттердің қатысуымен бірқатар кездесу өтетінін айтты. Бұл келіссөздер келісімді іске асыру тетіктерін әзірлеуге және техникалық мәселелерді талқылауға арналмақ.

АҚШ президенті Дональд Трамп та өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде Иранмен келісімнің аяқталғанын жариялады.

«Баршаңызды құттықтаймын! Мен Ормуз бұғазын кедергісіз ашуға және АҚШ Қарулы күштері енгізген теңіз блокадасын дереу алып тастауға рұқсат беремін. Әлемнің барлық кемесі қозғалысын қайта бастай алады», – деп жазды Трамп.

Кейінірек журналистермен әңгіме барысында толық ашылуы Иранмен келісімге ресми қол қойылғаннан кейін жүзеге асатынын нақтылады.

Өз кезегінде Тегеран да келісімнің жасалғанын растады. Алайда әзірге құжаттың нақты шарттары мен тараптардың өзара міндеттемелері толық жарияланған жоқ.