Сәрсенбі күні кешке Венесуэлада қатарынан екі күшті жер сілкінісі тіркелді. Табиғи апат салдарынан ғимараттар құлап, электр қуатының берілуі тоқтап, ел іші дүрбелең болды, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
Алдын ала мәліметтер бойынша, кемінде 32 адам қаза тауып, шамамен 700 адам жарақат алған. Құтқару жұмыстары жалғасып жатқандықтан, зардап шеккендер саны әлі де артуы мүмкін.
Алғашқы жер сілкінісінің магнитудасы 7,2 болған. Оның эпицентрі елдің Кариб теңізі жағалауындағы Морон қаласының батысында, ел астанасы Каракастан шамамен 168 шақырым жерде орналасқан. Жер сілкінісінің ошағы 22 шақырым тереңдікте болған.
Бірінші дүмпуден кейін бір минут өтпей жатып, магнитудасы 7,5 болатын екінші, одан да күшті жер сілкінісі тіркелді. Оның эпицентрі Морон қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 16 шақырым жерде орналасып, ошағы 10 шақырым тереңдікте болған.
Бұл жер сілкіністері Венесуэлада соңғы жүз жылдан астам уақыт ішінде тіркелген ең қуатты табиғи апаттардың бірі саналады. Жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат 18:00 шамасында болған дүмпулер кезінде Каракас қаласының тұрғындары шайқалған ғимараттардан жаппай сыртқа шыққан. Кейбір үйлердің қабырғалары толық құлап, пәтерлердің ішкі көрінісі көшеден көрінген.
Венесуэланың уақытша президенті Делси Родригес елде төтенше жағдай режимі енгізілгенін жариялады. Өз кезегінде АҚШ Геологиялық қызметі табиғи апат салдарынан қаза тапқандар саны 10 мыңнан 100 мың адамға дейін жетуі мүмкін деген болжам жариялады.