Мәзір
Әлем

Украина дрондары Мәскеуге алапат шабуыл жасады (ВИДЕО)

Украина дрондары Мәскеуге алапат шабуыл жасады (ВИДЕО)
Коллаж: Alashorda.kz

Мәскеу украиналық ұшқышсыз аппараттардың жаппай шабуылына ұшырады. BBC жазуынша, бұл бір жылдан астам уақыт ішіндегі ең алапат шабуыл, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

Бұл туралы астана мен Мәскеу облысы билігінің хабарламаларынан белгілі болды.

Дрон Мәскеу мұнай өңдеу зауытының бақылау-өткізу бекетіне соққы беріп, жұмыс ауысымына келген қызметкерлерді жаралаған. Сондай-ақ, Зеленоград қаласы мен Мәскеу маңындағы солтүстік аудандар да шабуылға тап болған.

Салдарынан облыстың үш тұрғыны қаза тауып, ал Мәскеу өңірінде 17 адам жарақат алған.

Украина президенті Владимир Зеленский түнгі шабуылды Украинаға, соның ішінде Киевке жасалған жуырдағы ресейлік соққыларға «әділ жауап» деп атады. Оның айтуынша, 14 мамырда Киевтегі тоғыз қабатты тұрғын үйге зымыран түсуінен 24 адам қаза тапқан.

Мәскеу мэрі Сергей Собяниннің соңғы мәліметі бойынша, Ресей астанасына бағытталған 137 ұшқышсыз аппарат жойылған. Капотня ауданындағы Мәскеу мұнай өңдеу зауытының аумағында өрт шыққан.

«Әуе қорғанысы күштері жаппай шабуылды тойтаруды жалғастыруда. Бірнеше ұшқышсыз аппарат Мәскеу мұнай өңдеу зауытына дейін жетті. Салдарын жою шаралары қабылданып жатыр», – деп жазды Собянин.

Бұған дейін ол дрондардың сынықтары «Садовод» сауда орталығының аумағына құлағанын хабарлаған болатын.