Бұған дейін Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай азаматтарды марапаттау тәртібін бүгін ретке келтірмесе, ертең кеш болады деп мәлімдеген болатын, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
Депутат соңғы жылдары атақ пен марапаттың құны түсіп, оны заңсыз әрі негізсіз үлестіру белең алғанын айтады.
– Бүгінде атағы жоқ, медаль алмаған адам кемде-кем. Белгісіз қоғамдық ұйымдар түрлі медаль мен ордендерді ашық немесе жасырын түрде сатып, марапаттауды табыс көзіне айналдырған. "Қазақстанның құрметті азаматы", "Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері", "Ұлт ұстазы" сияқты атақтар 20 мыңнан 100 мың теңгеге дейін бағаланады екен, – деді ол.
Мақсат Толықбай бұл үрдістің әсіресе білім саласында ерекше қарқын алып жатқанына қынжылады. Осыған байланысты депутат Үкіметке бірқатар нақты ұсыныс жолдаған.
1. 2025 жылы маусым айында қабылданған заңнамалық өзгерістердің толық әрі тиімді іске асуын қамтамасыз ету, мемлекеттік наградалар туралы заң нормаларының орындалуына жүйелі бақылау орнату.
2. Қоғамдық марапаттарды заңсыз тарату фактілері бойынша әкімшілік және өзге де құқықтық шараларды жүйелі түрде қолдану, жауапты тұлғалардың әрекетіне нақты құқықтық баға беру.
3. Мемлекеттік және қоғамдық наградалардың бірыңғай тіркелімін енгізу, цифрлық бақылау мен қадағалау тетіктерін күшейту арқылы марапаттау институтының ашықтығы мен беделін қамтамасыз ету.
Депутаттың сөзінше, мәселе заңның әлсіздігінде емес, оның орындалмауында болып тұр.
– Салмағы жоқ, сатылатын атақ-марапаттарды тоқтатудың жалғыз жолы – оларды сатпау, сатып алмау және заң бұзғандарды жауапқа тарту. Егер бүгін қолға алмасақ, ертең кеш болады, – деп сөзін нақтылады Мақсат Толықбай.
P.S. Мәжіліс депутатынан «Қоғамда «Билік марапатты жиі беріп жатыр. Бұл дұрыс емес» деген пікір бар. Атақ беру жаппай көбейіп кеткен жоқ па?» деп сұрақ едік. Қоғамдық ұйымдарға келгенде ашына сөйлеген депутат билікке келгенде тілін тістеп қалды.