Мәзір
Қоғам

«Мені Құдай ғана түсінеді». Атырауда бір отбасын қырған күдікті Меккеге неге барғанын айтты

«Мені Құдай ғана түсінеді». Атырауда бір отбасын қырған күдікті Меккеге неге барғанын айтты
Фото: Айнур Сапарова, azh.kz

Атырауда бір отбасының төрт мүшесін өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемалиев сотта қылмыстан кейін Меккеге барып, Құдайдан кешірім сұрағанын айтты. Бұл туралы «NewTimes.kz» жазды, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында төрт адамнан тұратын бір отбасының өліміне қатысты резонанс тудырған іс қаралып жатыр. Айыпталушылар орнында марқұмдардың күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев отыр.

Сот отырысында айыпталушы қылмыстан кейін елден кетуге шешім қабылдап, алдымен Түркияға, кейін Меккеге барғанын айтты.

«Түркияға қашып кеттім. Тіпті жасырынуға да тырысқан жоқпын, тек Құдайдан кешірім сұрағым келді. Не істегенімді түсіндім. 10 қарашадан кейін Түркия арқылы Меккеге бардым. Ол жақта шамамен он күн жалғыз болдым. Дәл сол жерде өз-өзіме қол жұмсау туралы ойлар болды, өйткені мені және жасаған ісімді Құдайдан басқа ешкім түсіне алмайды деп ойладым. Бірақ олардың да кінәсі болды деп санаймын, мен оларды тектен-тек өлтірген жоқпын», – деді Сәрсемалиев сотта.

Айта кетейік, қайғылы оқиға 2025 жылдың соңында Жангелдин ауылында болған. Сол кезде жары – Ақбаянның отбасы – ата-анасы және олардың ұлы мен қызы із-түзсіз жоғалып кеткен еді.

Тергеу нұсқасы бойынша, өзіне көршілердің күдігін түсірмеу үшін Сәрсемалиев оларды «емделуге кетті» деген. Бұдан бөлек, ол бірнеше ай бойы өлтірілген әйелінің інісі – 32 жастағы Наурыздың атынан туыстарымен мессенджерлер арқылы хат жазысып, хабарламалар жіберіп отырған.

Шындық 2026 жылғы 6 қаңтарда белгілі болды. Сол күні егде жастағы ерлі-зайыптылардың мәйіттері өз үйлерінің ауласындағы сарайдан көмілген күйде табылған.

Осыдан кейін күдікті жасырынып, құқық қорғау органдары оған халықаралық іздеу жариялады.

Ақпанның соңында Сәрсемалиев жұбайымен бірге Бали аралында ұсталды. Кейін ол Қазақстанға депортацияланды.

Қайта жүргізілген тергеу кезінде ол кінәсін мойындап, әйелінің ағасы мен әпкесінің мәйіттерін жасырған жерді тергеушілерге көрсеткен.

Қазір іс бойынша сот процесі жалғасуда.