Мәзір
Экономика

Қазақстандық тауарлар Индонезияға шығуда: жаңа экспорт мүмкіндіктері

Қазақстандық тауарлар Индонезияға шығуда: жаңа экспорт мүмкіндіктері
pixabay.com

2025 жылдың 21 желтоқсанында Санкт-Петербург қаласында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес аясында Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер, сондай-ақ Индонезия Республикасы арасында Еркін сауда туралы келісімге қол қойылды, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.

Аталған келісім тауар номенклатурасының 90 пайыздан астамына қатысты бажсыз сауда режимін енгізуді көздейді. Сонымен қатар, жекелеген тауар позициялары бойынша өтпелі кезеңдер қарастырылған. Бұл кезеңдерде импорттық кедендік баж мөлшерлемелері 3 жылдан 15 жылға дейінгі аралықта кезең-кезеңімен төмендетіледі. Нәтижесінде Индонезия нарығында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің экспорттаушылары үшін орташа импорттық кедендік баж мөлшерлемесі 10,2 пайыздан 2 пайызға дейін қысқарады.

Бажсыз сауда режимінің енгізілуі қазақстандық ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп өнімдерінің Индонезия нарығына шығуына қолайлы жағдай қалыптастырады.

Келісімде преференциялық сауда режимін белгілеумен қатар, сауданы қорғау шаралары, тауарлардың шығу тегін айқындау, кедендік ынтымақтастық, техникалық сауда кедергілері (ТСК), санитариялық және фитосанитариялық шаралар (СФШ), зияткерлік меншік құқықтарын қорғау мәселелері, сондай-ақ құқықтық-институционалдық сипаттағы тараулар (жалпы ережелер, дауларды шешу, ашықтық, қорытынды ережелер) қамтылған. Бұдан бөлек, электрондық сауда мен тараптар арасындағы экономикалық ынтымақтастыққа арналған жеке тараулар енгізілген.

Осылайша, аталған келісімнің жасалуы Еуразиялық экономикалық одақ елдері мен Индонезия Республикасы арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі дамытуға және нығайтуға ықпал етіп, өзара тауар айналымының артуына мүмкіндік береді.

Анықтама үшін: 2024 жылы Қазақстан мен Индонезия арасындағы тауар айналымы 300,5 млн АҚШ долларын құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 4,9 пайызға өсті (2023 жылы – 286,4 млн АҚШ доллары).

2024 жылы Қазақстаннан Индонезияға экспорт көлемі 26,8 пайызға артып, 120,8 млн АҚШ долларын құрады. 2024 жылы Индонезиядан Қазақстанға импорт көлемі 6 пайызға төмендеп, 179,8 млн АҚШ долларын құрады.