Қызылорда облысындағы Талсуат ауылының тұрғыны Ғалымжан Нағиев «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 31 млн теңге несие алып, бекіре өсіруді бастады, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
«Хан бекіре» шаруашылығының жетекшісі бұл кәсіпті таңдауының себебін өңірдің балық шаруашылығымен байланыстырады. Оның айтуынша, соңғы жылдары халықтың балық өнімдеріне сұранысы артып келеді. Сондықтан кәсіпкер бұрын Арал теңізінде тіршілік еткен бекірені жергілікті жағдайда өсіруді қолға алған.
«Қызылорда десе, Арал теңізі, ал Арал десе, балық еске түсетіні көпшілікке белгілі. Бір кездері теңіздің байлығы болған бекірені өңірде қайта өсіру оңай болған жоқ. Ең алдымен, бұл балық Қызылорданың климатына қалай бейімделеді деген мәселе алаңдатты. Осы кәсіпті меңгеру үшін екі жыл бойы шетелде бекіре өсіру тәжірибесін үйрендім. Қуанышымызға қарай, балық жергілікті жағдайға жақсы бейімделді. Қазір шаруашылығымызда 5 мыңға жуық бекіре бар», – дейді Ғалымжан Нағиев.
Кәсіпкер енді шаруашылықтың мүмкіндігін кеңейтіп, балық санын көбейтуді көздеп отыр. Оның жоспары тек бекіре өсірумен шектелмейді. Алдағы уақытта жергілікті климатқа бейімделген балықтан уылдырық алып, шабақ өсіруді де дамытқысы келеді.
«Ендігі мақсатымыз – Қызылорданың климатына бейімделген бекіреден уылдырық алып, оның санын көбейту. Болашақта Сырдария мен Арал теңізіне бекіре шабақтарын жіберсек деген ниетіміз бар. Ал қазір балықтың сапалы өсуіне қолайлы жағдай жасау үшін сегіз жаңа кең бассейнді іске қосуды жоспарлап отырмыз», – дейді шаруашылық жетекшісі.
Ғалымжан Нағиевтің айтуынша, кәсіпті бастауға «Ауыл аманаты» бағдарламасы зор қолдау көрсеткен. Жеңілдетілген несие оның көптен бері ойында жүрген жобасын жүзеге асыруына мүмкіндік берген.
«Бағдарлама бойынша жылдық 2,5 пайызбен 31 млн теңге несие алдым. Бұл қаржы шаруашылықты ашып, жұмысты жолға қоюға айрықша қолдау болды. Шынымды айтсам, көптен бері жоспарлап жүрген кәсібімді осының арқасында бастадым. Ауыл әкімінен бастап, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының қызметкерлеріне дейін алғысым шексіз. Мұндай қолдау мен секілді азаматтардың кәсіп ашуына, ауылда жаңа жұмыс орындарының пайда болуына жол ашады», – дейді ол.
Өңірдегі бағдарлама нәтижелері де ауыл тұрғындарының кәсіпкерлікке бет бұрып жатқанын көрсетеді. Қызылорда облысында 2023 жылдан бері «Ауыл аманаты» аясында 11 млрд теңгеге 1000-нан астам жоба жүзеге асырылып, 1110 жаңа жұмыс орны ашылған. Сондай-ақ 50 өндірістік кооператив құрылған.
Бағдарламаның қолдауымен өңдеу саласында 150-ден астам кәсіпорын жұмысын бастап, жалпы аумағы 2 гектар болатын 56 жылыжай іске қосылған. Бұған қоса, 3000 бас асыл тұқымды мал сатып алынған.
Талсуаттағы бекіре шаруашылығы – ауыл тұрғындарының жеңілдетілген қаржыландыру арқылы жаңа кәсіп түрлерін игеруінің бір мысалы. Ғалымжан Нағиев жинаған тәжірибесін шаруашылықты кеңейтуге жұмсап, өңірдегі балық өсіру ісіне үлес қосуды мақсат етіп отыр.