ТМД елдерінің штаб-пәтерінде еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелерін медициналық сақтандыру мәселелері бойынша ынтымақтастығы туралы келісім жобасы бойынша сарапшылар тобының қосымша отырысы өтті, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі БЕЛТА агенттігіне сілтеме жасап.
Отырысқа Беларусь, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей өкілдері қатысты.
Сарапшылар мемлекеттерден келіп түскен ұсыныстар мен ескертулерді қарап, талқылау қорытындысы бойынша келісім жобасын көпшілік дауыспен мақұлдады. Құжатты белгіленген тәртіппен ТМД Үкімет басшылары Кеңесінің қарауына енгізу туралы шешім қабылданды.
Еңбекші мигранттар медициналық қызметтерге қолжетімділіктің шектелуі, жоғары қауіп-қатерлер, қаржылық қиындықтар және тілдік кедергілер сияқты мәселелерге жиі тап болатынын ескере отырып, келісім жобасы ТМД елдері аясында олардың медициналық көмекке қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған.
Құжат тараптардың медициналық сақтандыру саласындағы ынтымақтастық тәртібі мен негізгі бағыттарын айқындайды. Медициналық сақтандыру еңбек қызметін жүзеге асырып жатқан кезеңде ТМД-ға мүше мемлекеттер аумақтарында қолданылады.
ТМД елдерінің азаматтарына басқа мүше мемлекет аумағында шұғыл және кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсету тәртібі 1997 жылы қабылданған халықаралық келісімдермен реттеледі және ақысыз негізде көрсетіледі. Ал жоспарлы медициналық көмек ақылы түрде көрсетіледі.