Шерзат ісі сотында прокурор айыпталушыларға жаза сұрады

Маусымның 2-і, дүйсенбі күні Талдықорғанда Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот процесінде жарыссөз басталды.

Мемлекеттік айыптаушы соттан жасөспірімнің қазасына байланысты айып тағылған тоғыз адамды қылмыс жасағаны үшін айыпты деп тануды сұрады. Прокурор оларды келесідей мерзімге бостандығынан айыруды ұсынды:

Абзал Шынасыл – Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі (адам өлтіру) және 293-баптың 3-бөлігі (бұзақылық) және 24-баптың 3-бөлігі (қылмыс жасауға дайындалу және қылмыс жасауға оқталу) бойынша – 23 жыл;

Равиль Сакиев – 293-баптың 3-бөлігі (бұзақылық) және 293-24-баптың 3-бөлігі (адам өлтіруге оқталу) – 20 жыл;

Шыңгыс Белғожаев – 293-баптың 3-бөлігі (бұзақылық)– жеті жыл;

Дархан Әскентай – 293-баптың 3-бөлігі (бұзақылық) – жеті жыл;

Нұрқияс Ілиясов – 293-баптың 3-бөлігі (бұзақылық) – тоғыз жыл;

Нұрбол Тоқтаубаев – 293-баптың 3-бөлігі (бұзақылық) – жеті жыл;

Азамат Тоқтаубаев – 293-баптың 3-бөлігі (бұзақылық), оған қоса 188-бап (ұрлық) бойынша – 15 жыл;

Дидар Қалиахмет – 293-баптың 3-бөлігі (бұзақылық) – жеті жыл;

Д. (кәмелетке толмаған) – 434-бап (ауыр қылмыс жасалғанын хабарламау) – бір жарым жыл.

Бұған қоса, прокурор Дана Сарсенбай жәбірленушілердің материалдық және моральдық шығынды өтеу жөніндегі талап арыздарын толық көлемде қанағаттандыруды, қылмыстық іс бойынша куәгерлер Эльмира Нұрбекова мен Дана Жақсыкелдінің әрекеттерін тексеріп, оларға құқықтық баға беру үшін жеке қаулы шығаруды сұрады. Бұған дейін жәбірленуші қылмыс оқиғасы болған жерде айыпталушылармен бірге жүрген осы екі куәгерді де қылмыстық іс аясында, жасалған “қылмыс туралы хабарламау” дерегі бойынша жауапқа тартуды сұрап өтініш білдірген. Прокуратура дәл сондай құқықтық бағаны Юлдаш Рузбакиев пен Арлан Қазыкенов есімді куәгерлерге де беруді сұрады.

Дүйсенбі күнгі сот отырысында прокурор Сарсенбай бұл істі “топ болып адам өлтіру” ретінде тергеуді сұраған жәбірленуші тараптың өтінішіне қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, сот-медицина сараптамасының қорытындылары мен іс материалдарына сәйкес, Шерзат Полат денесіне бір рет кірген пышақ жарақаты салдарынан қансырап қаза болған.

“Мысалы, Шыңғыс Белгожаев Полаттың басын пышақтың сабымен ұрған, ал сол кезде оның пышақтың ұшымен соғуына да мүмкіндік болған. Ілиясов аңшы мылтығының дүмімен ұрған. Мылтық оқтаулы болған. Сараптама қорытындысына сәйкес, жерде жатқан Полатқа тиген соққылар оның денсаулығына зиян келтірмеген және өліміне себеп болмаған”, – деп түсіндірді прокурор.

Өткен аптада судья Ержан Жанұзақов Шерзат Полаттың өліміне қатысты істі прокуратураға қайтаруды сұраған жәбірленуші жақтың өтінішін қанағаттандырмай тастаған еді. Жәбірленушілер қылмысты “топ адам жасағанмен, бір адамға ғана адам өлтіру айыбы тағылып отыр” деген уәж айтқан болатын.