Қазақстан халқының арасындағы достық байланыстар қаншалықты берік?

Қазіргі таңда ұлттың заманауилығы тек экономикалық көрсеткіштермен немесе технологиялық дамудың деңгейімен ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік қатынастардың сапасымен, үстемдік ететін құндылық бағдарларымен және тұлғааралық өзара әрекеттестік түрлерімен айқындалып келеді. Осы тұрғыда достық ұғымы әлеуметтік құрылымды және мәдени жаңғыруды талдауда барған сайын маңызды мәнге ие.
Әлеуметтануда достық — бұл тұрақты әрі өзара әлеуметтік байланыстардың бір түрі ретінде қарастырылады, қазіргі заманда ол отбасылық және корпоративтік қатынастардың шеңберінен шығып отыр. Шынымен де, бүгінде сенім мен достық қарым-қатынастар демократиялық қоғамдардың тұрақты дамуы жолында шешуші рөл атқарады (Putnam, 2000[i]). Сенім деңгейі мен әлеуметтік белсенділігі жоғары елдерде азаматтық белсенділік артып, институттар мықтырақ қалыптасады және демократия тұрақты болады. Осы тұрғыда достық жекелеген құндылық қана емес, әлеуметтік құрылымның маңызды элементі ретінде көрінеді.
Рональд Инглехарт құндылықтардың ауысу теориясында индустриялықтан постиндустриалды қоғамға ауысқан сайын өзін-өзі көрсету, жеке автономия және теңдік құндылықтарының маңыздылығы қалай артатынын көрсетеді (Inglehart & Welzel, 2005[ii]). Бұл құндылықтар өзара қарым-қатынас серіктестерін, соның ішінде достарды, еркін таңдау тәжірибесіне негізделген практикалармен тығыз байланысты. Басқаша айтқанда, өзара сенім мен еркін таңдау негізінде қалыптасқан достық байланыстардың кең таралуы қоғамның заманауилығының және плюрализм мен әлеуметтік ашықтық жағдайында өмір сүруге дайындығының көрсеткіші ретінде қарастырылады.
Достықтың жаһандық динамикасы көптеген қоғамдардың институционалдық интеграциядан дараланған желілік құрылымдарға өту үстінде екенін көрсетеді. Осыған байланысты достық бұрынғыдай ұжымдық сипатта емес, барған сайын жекешелендірілген қарым-қатынасқа айналуда. Жалпы алғанда, қазіргі зерттеулер бүкіл әлем бойынша ересек адамдар арасында жақын достар санының азайып келе жатқанын және әлеуметтік желілердің бар болуына қарамастан, эмоционалдық жалғыздықтың артып отырғанын көрсетеді. Егер дәстүрлі қоғамдарда достық — өмір сүру үшін қажетті әрі тұрақты қатынас түрі болса (hard, қоғамның «қатқыл» құрылымы), қазіргі заманда ол икемді, бейімделгіш сипатқа (soft, «жұмсақ» құрылымға) ие болып отыр. Бұл жерде достық қажеттілікке емес, таңдау еркіне негізделеді: «Қазіргі адам еркіндігін шектемейтін, бірақ өзін қажет сезінуге мүмкіндік беретін байланыстарды іздейді. Достық — дәл сондай «икемді жақындыққа» айналуда» (Бауман, 2005[iii]).
Қазақстанда достық байланыстар қаншалықты кең таралған? Қазақстандықтар қаншалықты заманауи? Бұл сұрақтарға жауап беруге 2025 жылғы сәуір айында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ҚСЗИ тапсырысы бойынша жүргізілген қоғамдық пікірге арналған сауалнама деректері көмектеседі[iv]. Достық мәселесі үш индикатор арқылы өлшенді: байланыстардың тығыздығы, қарым-қатынас жиілігі және достар тарапынан көрсетілетін көмек. Бұл өлшемдер Роберт Патнэмнің екі түрлі әлеуметтік байланыс жайлы идеяларына — bonding (байланыстырушы) және bridging (көпір орнатушы) капиталына негізделген. Бірінші түрі (bonding) — «өз» тобындағы адамдар арасында қалыптасатын байланыс болса, екінші түрі (bridging) — әртүрлі әлеуметтік топтар арасындағы қатынасты білдіреді. Мұнда байланыстырушы достық байланыстарын өлшеу нәтижелері ұсынылып отыр.
Достық байланыстардың тығыздығы «Сіз тығыз қарым-қатынас жасайтын және өзіңіз үшін маңызды мәселелер туралы ашық сөйлесе алатын қанша досыңыз бар?» деген сұрақ арқылы өлшенді. Сауалнама нәтижелері бойынша:
- Қазақстандықтардың басым бөлігі 2-9 жақын досқа ие. Жалпы алғанда, респонденттердің 68,5%-ы (2, 3-4 және 5-9 досы барлар) екіден тоғызға дейін тығыз достық қарым-қатынас орнатқан. Бұл — достық байланыстардың жеткілікті кең әрі белсенді екенін көрсетеді. Патнэмнің жіктемесіне сәйкес, бұл — bonding capital, яғни сенімге, эмоциялық қатыстылық пен өзара көмекке негізделген тұрақты көлденең байланыстарды қалыптастыруға Қазақстанда қолайлы жағдай сақталып отырғанын білдіреді. Мұндай байланыстар ерекше маңызды, өйткені олар қолдау көрсетіп, микроқоғамдар деңгейінде бірлік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге септігін тигізеді.
- Ең кең таралған санат — 3-4 жақын досы бар респонденттер (31,6%). Бұл адамдардың көпшілігі сенімге негізделген шектеулі, бірақ тұрақты қарым-қатынас шеңберін таңдауға бейім екенін көрсетеді. Мұндай үлгі — күшті bonding capital-ға тән. Бұл — достардың оңтайлы саны, өйткені дәл осы көлемде терең әрі тұрақты қатынасты сақтауға болады. Бұл тұжырымды Донбардың зерттеулері де растайды. Елдің барлық өңірлерінде 3-4 доспен шектелген достық желіге тартылу — кең таралған құбылыс.
- Кең достық желілердің болуы: 5-9 және 10+ досы барлар (барлығы 35,2%). Қазақстандықтардың үштен бірінің достық байланыстары «жақын шеңберден» асып түседі. Бұл адамның жоғары әлеуметтік белсенділігін де, жақын және орташа достық арасындағы шекаралардың көмескілігін де көрсетуі мүмкін. 5 және одан да көп жақын досы бар респонденттердің үлесінің жоғары болуы (35,2%) дәстүрлі, өңірлік немесе діни қауымдастықтарда кең таралған тығыз желілік құрылымдардың бар екенін білдіруі ықтимал. Мұндай қауымдастықтарда өзара көмек пен бір-бірінің өміріне қатысуға деген күтулер жоғары деңгейде сақталған. 10 және одан да көп досы бар достық желілері көбіне Түркістан, Қызылорда және Атырау облыстарының тұрғындарына тән. 5-9 достық байланысы астаналықтарда, сондай-ақ Қызылорда және Ақтөбе облыстарының тұрғындарында жиі кездеседі.
- Жалғыздық немесе достық байланыстардың төмен деңгейі: 0-1 дос (15%). Респонденттердің 5,7%-ында мүлде жақын дос жоқ, ал 9,3%-ында тек бір ғана дос бар. Бұл — алаңдатарлық, бірақ дабыл қағарлық деңгей емес. Мәселен, АҚШ немесе Жапония секілді елдерде жалғыздық жағдайы әлдеқайда жиі кездеседі. Дегенмен, 0-1 ғана жақын досы бар 15% респонденттің болуы әлеуметтік оқшаулану, әлсіз әлеуметтік бірігу немесе әлеуметтік байланыстардың үзілуі сияқты үрдістердің бар екенін көрсетеді. Бұл әсіресе осал топтар — егде жастағылар, мигранттар мен жұмыссыздар арасында өзекті.Жетісу, Алматы және Жамбыл облыстарының тұрғындары көбіне бір ғана досы бар екенін көрсеткен. Ал мүлде досы жоқ респонденттер көбіне Жетісу, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында кездеседі.
Достық қарым-қатынастың жиілігі «Айына кемінде бір рет кездесетін қанша досыңыз бар?» деген сұрақ арқылы өлшенді:
- Қазақстандағы респонденттердің басым бөлігі тұрақты жақын достар шеңберіне ие және олармен үнемі байланыста болады. Мысалы, сұралғандардың шамамен үштен бірі (28,9%) айына кемінде бір рет 3-4 досымен кездеседі (Шымкент, Ақмола және Павлодар облыстарының тұрғындары). Ал 20,1% респондент айына кемінде бір рет 5-9 досымен кездеседі (Шымкент, Қызылорда, Павлодар, Ақтөбе, Абай және Батыс Қазақстан облыстарының тұрғындары).
- Қазақстандықтардың бесінші бөлігі (21,1% респондент) айына кемінде бір рет кездесетін 10 және одан да көп досқа ие, бұл олардың әлеуметтік белсенділігінің жоғары деңгейін көрсетеді (мұндай көрсеткіш ең көбі Түркістан, Маңғыстау, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарының тұрғындары арасында байқалады).
- Тек бір ғана досы бар адамдар — 8,4% (Алматы, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қарағанды облыстарының тұрғындары), ал екі досы барлар — 16,2% (Алматы, Астана, Қостанай және Қарағанды облыстарының тұрғындары). Достық байланыстары мүлде жоқ респонденттер — 5,3% (Жетісу, Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарының тұрғындары).
- Қазақстандықтардың үштен бірі өзара қолдауға негізделген тұрақты желілерге және кең ауқымды бейресми байланыстарға ие. Мысалы, сұралғандардың 15%-ы 5-9 досының қолдауына сенім артады (Шымкент, Маңғыстау және Атырау облыстарының тұрғындары), ал 14%-ы 10 және одан көп досынан қолдау алады. Бұл көрсеткіш жеке адамның әл-ауқаты үшін де, қоғамның жалпы тұрақтылығы үшін де маңызды болып табылады (ең көп Қызылорда, Батыс Қазақстан және Жамбыл облыстарының тұрғындары).
- Қазақстандықтардың тағы бір үшінші бөлігінде көмек көрсетуге дайын 3-4 досы бар (31%) (көбінесе бұл Шымкент, Астана және Алматы қалаларының тұрғындары).
- Қазақстандықтардың бесінші бөлігі (20% респондент) көмек сұрауға тек екі адамға жүгінеді (осындай респонденттер көбінесе Қарағанды, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстары мен Астана қаласында), 11%-ы — тек бір досына ғана (көбінесе Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Жамбыл, Абай және Жетісу облыстарының тұрғындары), ал 8,7%-ы мұндай байланыстарға мүлде ие емес (жалғыздықты ең көп сезінетіндер — Жетісу, Ұлытау, Қарағанды және Ақтөбе облыстарының тұрғындары).
Қаралған өлшемнің әлеуметтік-демографиялық ерекшеліктері:
- Достық байланыстардың саны мен сипатына қатысты жыныстық айырмашылықтар бар, бірақ олар аз деңгейде байқалады, бұл елдің әлеуметтік модернизациясының жоғары дәрежесін, қоғамның заманауилығын көрсетеді. Мысалы, араб елдерінде, оның ішінде экономикалық тұрғыдан бай Парсы шығанағы елдерінде, білімді әйелдердің өзара достық қатынастары көбінесе кеңейтілген отбасы шеңберімен шектеледі. Ал Қазақстанда әйелдер ер адамдармен тең деңгейде елдің қоғамдық өміріне белсенді араласады.
- Қаралған өлшемде білім деңгейіне байланысты айырмашылықтар байқалмайды, достық — бұл негізгі әлеуметтік қажеттілік болып табылады. Бұл әлеуметтік теңдіктің көрінісі ретінде де, әр түрлі білім деңгейіндегі адамдардың достыққа ұмтылатынының белгісі ретінде де түсіндірілуі мүмкін.
- Отбасы жағдайы бойынша, үйленген адамдардың достық желілері кеңірек болып, бұл олардың бойдақ, тұрмысқа шықпаған немесе ажырасқан достарына қарағанда көбірек көмек көрсету мүмкіндіктеріне ие екендігін көрсетеді. Ұқсас жағдай жұмыспен қамтылу бойынша да байқалады — жұмыс істейтіндердің достық желілері жұмыссыздарға қарағанда сәл кеңірек.
Сонымен, Қазақстандағы достық байланыстарды зерттеу көптеген қазақстандықтар үшін достардың болуы өмірдің маңызды және қолдаушы бөлігі болып қала беретінін көрсетеді. Достық байланыстар эмоционалды ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік функцияны да орындайды: олар қиындықтарды жеңуге, сенім қалыптастыруға және қоғамның әлеуметтік құрылымын нығайтуға көмектеседі. Алайда респонденттердің төрттен бірінде бір ғана дос бар немесе олар достық желілерге кірмейді. Бұл позициясы ерекше назар аударуды қажет ететін мағыналы топ. Бұл — ерекше назар аударуды қажет ететін маңызды топ. Біз көріп отырғанымыздай, себептер әртүрлі болуы мүмкін: жас ерекшелігі, көші-қон, кедейлік, тұратын аймақ, елді мекен типі және этникалық құрам.
Достық байланыстарды қолдау — бұл әлеуметтік тұрақтылыққа, қоғамдық денсаулыққа және қоғамға араласу сезіміне инвестиция. Әсіресе осындай байланыстарды осал топтар арасында нығайтуға бағытталған саясат ұзақ мерзімді дамудың маңызды бағытына айналады. Өйткені достық — әлеуметтік капиталдың бір формасы ретінде қоғамды біріктіретін «желім» іспетті, ал оның тапшылығы атомизацияға және ынтымақтастықтың төмендеуіне әкеледі.
[i] Putnam, Robert. (2000). Bowling Alone: The Collapse and Revival of American Community.New York: Simon and Schuster.
[ii] R. Inglehart, C. Welzel. Modernization, Cultural Change and Democracy. University of Michigan, Ann Arbor, 2005.
[iii] З. Бауман. Индивидуализированное общество. Логос, 2005.
[iv] Әлеуметтанулық-саяси сауалнама ҚСЗИ тапсырысы бойынша 2025 жылдың 20 наурыз бен 20 сәуір аралығында жүргізілді. Үлгілік жиынтық көлемі – 8 001 респондент. Сауалнамаға 18 жастан асқан, 17 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қала – Астана, Алматы және Шымкент тұрғындары қатысты.
Айгул Забирова,
ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері,
әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор