Қарағанды облысында жүк пойызының 12 вагоны рельстен шығып кетті

Қарағанды облысының Мойынты станциясының маңында жүк пойызының 12 вагоны рельстен шығып кетті. Вагондарға бидай тиелген. Мамандар апаттың себебін анықтап, бір жолақ бойынша пойыздардың қозғалысын қалпына келтірді, деп хабарлайды Alashorda.kz сайты ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
1 ақпан күні сағат 13:55-те Мойынты – Сарышаған учаскесінде жүк пойызының 12 вагоны рельстен шығып кетті. Аталмыш составқа бидай тиелген болатын. Мамандардың айтуынша, жолдан шығып кетуіне вагондардың бірінің бүйір жақтауының сынуы себеп болған. Апат орнында Сары-Шаған, Шу және Балқаш станцияларының қалпына келтіру пойыздары жұмыс істеп жатыр.
«БП Жамбыл бөлімшесінің Мойынты – Сары-Шаған қос жолды учаскесінің Новалы станциясында бір жолдан поездардың қозғалысы қалпына келтірілді. Жөндеу жұмыстары жалғасуда», – деп хабарлады «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ баспасөз қызметі.