Алматыда қаңтар оқиғасы құрбандарының рухына Құран бағышталды

Ерболат Досаев Алматының Орталық мешітінде қасіретті қаңтар оқиғалары құрбандарының қырық күндігіне арнап Құран бағыштады, деп хабарлайды Alashorda.kz сайты ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Бұл туралы Мәжіліс депутаты, ақын Жанарбек Әшімжан Facebook-тегі парақшасында жазды.

Айта кетсек, бүгін тарихқа «қасіретті қаңтар» ретінде енген оқиғалардың елімізде орын алғанына 40 күн толды.

«Бүгін таңғы сағат 8-де Алатаудың басын мұнар, бауырын өрт шалған осы қасіретті оқиғаның Қырық күндігіне байланысты Алматы қаласындағы Орталық мешітте әруақтарға бағыштап Құран оқылып, елдің ертеңі үшін тілек тілеп, Жаратқанға салауат айтылыпты. Шаһардың жаңа басшысы Ерболат Досаев Қырық күндікке арнап әруақтардың рухына Құран бағыштап, тірілердің тіршілігі үшін құрбан шалыпты, ниет қабыл болсын! Сұраған тілектер мен көтерілген білектерге ел Ағалары, көрнекті тұлғалар — Нұрлан Оразалин, Смағұл Елубай, Рахман Алшанов бата беріпті. Әлгінде Алматыдағы ардақты ағамыз Нұрлан Мырқасымұлына хабарласып, амандасқанда осындай имандылықтың ізгі амалдары жасалғанын айтты. «Құдайсыз қурай сынбайды» дейді. Қиын уақытта қала басшылығына келген Азаматтың елге көңіл-қош білдіріп, аруақтарға тағзым жасағаны ғой» деді.Жаппар Иеміз ел-халықтың, тәспі тартқан тақуалардың тілек-ниеттерін қабыл қылғай!

Азаттықтың бесігі саналған аңыз, абыз Алматымыздың жаңғырған, түлеген сәттеріне куә қылсын, Жаратқан!»,- деп жазды ол.

Айта кетейік, бүгін таңертең Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Хазірет Сұлтан мешітіне барып, қаңтар оқиғалары кезінде қайтыс болған азаматтардың рухына құран бағыштау рәсіміне қатысты.