«13 жыл ұзақ мерзім». Министр Ерлан Сыдықовқа қатысты сұраққа жауап берді
Жоғары оқу министрі Саясат Нұрбек университет ректорларын АҚШ-тағы президент сайлауы секілді екі мерзімге шектейтінін айтты, деп хабарлайды alashorda.kz сайты.
Мәжілістің жалпы отырысынан кейін журналистер Саясат Нұрбекке «Биыл Еуразия университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың ректор болғанына 13 жыл толады екен. Бұл тым ұзақ уақыт емес пе? Ректордың 13 жыл отыруы дұрыс па, дұрыс емес пе?» деп сұрақ қойды.
«Бізде ұлттық университеттің ректорларының базалық келісім-шартының мерзімі 3 жыл. Мерзімді Президент Әкімшілігімен келісіп, ұзартуға шешім қабылданады. Шын мәнінде, 13 жыл ұзақ мерізім. Сол себепті біз қазіргі уақытта ректорлардың тағайындау қағидаттары мен ережелерін пысықтап жатырмыз. 14-15 наурызда, яғни бір аптадан кейін республикалық комиссия отырысы болады. Сол отырыста нақтылаймыз. Ректорларды АҚШ-тағы президент сайлауы секілді екі мерзіммен шектейміз», – деді ол.
Журналистің «Демек алдағы уақытта Ерлан Сыдықов ректорлықтан кетуі мүмкін ме?» деген қосымша сауалына министр «Жиында осы принциптерді қарастырамыз. Республикалық комиссия мақұлдаған жағдайда Заңнамалық өзгерістерді енгіземіз. Қазір мен нақты айта алмаймын. Барлығы Заң тұрғысында болады. Бірақ айтқанымдай, мерізімсіз отыру дұрыс емес екеніне келісемін», — деп жауап берді.
Сондай-ақ журналист «Кейбір адамдар министрдің шамасы ұлттық университеттердің ректорларына жетпейді» деп айтып жатады. Бұл сөз қаншалықты рас?» деп сұрақ қойды.
«Біріншіден, министрлік соңғы он жылдықта арнайы академия автономия принциптеріне көшуде. Яғни, қазір министрлік ректорларды тікелей тағайындап, басқарып отырмайды. Ол принциптен бас тарттық. Біз шетелдік форматқа көшіп жатырмыз. Ректорлармен директорлар кеңесі немесе Қамқоршылық кеңес арқылы жұмыс істейміз. Мысалы 3 жылдық стратегиясын, 1 жылдық жоспарын келіп ұсынады. Бұрынғыдай министрлік басқаратын, кез келген жағдайда ректор жанында отыруы керек және қит етсе, Астанаға келіп, жиналыста отыруы керек деген ұстанымнан бас тарттық. Бұл біздің ұстанымымыз, пайымымыз. Мысалы, аппараттық кеңейтілген жиналыстарымызды қазіргі уақытта ZOOM арқылы өткіземіз», – деді министр.
Назерке Сандыбекқызы