Мәжіліс депутаты жыныстық бопсалау жасаған – Азат Перуашев
«Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев партияласы Асқар Садықовтың Парламенттен кету себебі жөнінде әлеуметтік желіге жазба қалдырды, деп хабарлайды alashorda.kz сайты.
– Партиямыздың атына А.Садықовқа қатысты бірқатар шағымдар түсті, онда айтылған жәйттар пленумда қаралып, тиісті шешім шығарылды. Шағымдардың дені оның теріс іс-әрекеттеріне, атап айтқанда, өкілеттігін асыра пайдалану мен этикалық нормаларды бұзуына байланысты болды. Шағымдардың әрқайсысы бойынша жеке-жеке фактілер келтіруге болатын болса да, бір ғана мысалды атап өту жеткілікті деп ойлаймын, – дейді ол.
Перуашевтің сөзінше, мәселен, парламентте (партияда емес) жұмыс істейтін бір әйел адам А.Садықовтың бірнеше рет ұятсыз ұсыныстар жасап, қысым көрсеткені туралы айтып арызданған.
– Ол өзінің сөзіне дәлел ретінде ватсабына А.Садықовтан келіп түскен хабарламалардың скринін көрсетті (этикалық себептертерге байланысты оның бопсалауына тап болған аталған жәбірленушінің есімі жасырылған). Арызданушы 17 сәуірде өзіне жазылған мұндай қорлау ұсыныстарды жауапсыз қалдырып, елемеген екен. Алайда, 15 мамырда бұл әрекеттер тағы қайталанған және арызданушының айтуынша, А.Садықов жыныстық бопсалауды жүйелі түрде басқа күндерде де жалғастырған. Бірақ, А. Садықовтың депутаттық қол сұғылмаушылыққа ие екендігуне байланысты, харрасментке тап болған жәбірленуші құқықтық қорғауға жүгіне алмаған, – дейді ол.
Перуашев сонымен бірге пленум барысында осындай әшкере болған заңсыз әрекеттерге жол берілмейтіндігі туралы ескертуге жауап ретінде А.Садықов «өзінің депутат екенін және кімге не қаласа соны айтуға құқылы екендігін» айтқан.
– Сондықтан, біз бұл кедергіні алып тастадық, ал, А.Садықовты депутаттық мәртебесінен айыру туралы қабылданған шешім жәбірленушіге ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға мүмкіндік береді. Оның лайықсыз мінез-құлқының басқа да фактілері бар, соның негізінде осындай шешім қабылданды. Олардың кейбіреулері құқық қорғау органдарының да назарын аударуы мүмкін, ондай жағдайда қажетті көмек көрсетуге дайынбыз, – дейді ол.
Перуашев өте лас жағдай орын алғанын, біреудің хабарламаларын оқып, оны жариялауға еш құлқы жоқ болғанын айтады.
– Алайда, біздің үнсіздігімізді біреулер басқаша түсінген сияқты, сұхбаттың бірінде өзін 1937 жылғы репрессиялар құрбандарымен салыстырып, «шындық» үшін жазым болғандай қылып жеткізген А. Садықов та соған себепші. Бұл «шындықтың» да шынайы бет жүзін көрсетуге мәжбүрміз, одан басқа да эпизодтар мен құжаттар жетерлік. Пленум нақты фактілерге сүйене отырып А. Садықовты партиядан шығару туралы шешім қабылдады. Соның ішінде, бұл жағдайлардың (бірнешеу) одан да қауіпті салдары болмас үшін. Өзге адамдардың ар-намысы мен жеке өміріне қатысты болғасын бұл жағдайды көпшілік алдына шығару маған өте жиіркенішті болса да, осы мәселе төңірегіндегі дау-дамай мен алып-қашпа әңгімелердің нүктесін қоюға мәжбүрмін, – дейді ол.
Бұған дейін экс-депутат сайтымызға сұхбат беріп, өзіне қысым жасалғанын айтқан болатын. Осы мәселеге қатысты сұраққа Азат Тұрлыбекұлы нақты жауап бермей, қашқақтаған еді. Бүгін партия төрағасы мән-жайды айтуға мәжбүр болған екен.