Алматыда 24 жастағы келіншек үшем босанды

26 мамыр күні Алматы қалалық Перинаталдық орталығының дәрігерлері 24 жастағы аяғы ауыр келіншекті қабылдап, түскі уақытта үшемді босандырып алды.

«Сәбилер мерзімінен бұрын 910 грамм, 930 грамм және 980 грамм аралығында шала туған, бірақ дәрігерлер осы үш қыздың өмірін сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Дүниеге келген үшем реанимация бөлімшесінде жатты. Реанимациядан кейін қарқынды терапия бөлімшесінде ем алды. Күту кезеңі оң динамикасын көрсеткен соң жаңа туған нәрестелердің жағдайы тұрақталып, жалпы бөлімшеге ауыстырылды. Қазіргі уақытта босанған әйелдің және 3 қыздың жағдайы қанағаттанарлық»,- деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Жас ана мен үшем 47 күннен кейін Перинаталдық орталықтан үйне шықты. Алдағы уақытта балаларды отбасының тұрғылықты жері бойынша емхананың дәрігерлері қадағалайтын болады.
Жас ана Айым Сағатбектың айтуынша, алғаш үшем екенін білген кезде аздап қорқыныш болған. Бүлдіршіндерге Асылым, Аяулым және Сезім деген ат қойылды.

«Сәбилердің жынысы маңызды болмады. Босанғаннан кейін сәбилерді бірден реанимацияға алып кетті, дәрігерлер өте жақсы қарады. Реанимация бөлімшесінен 10-15 күн аралығында бірінші екі қыз шықты, содан кейін Сезімді шығарды» — дейді ол.

Қазір олардың денсаулығы жақсы.

«Жалпы қыздардың денсаулығы жақсы, өз бетімен еме алады, қазіргі таңда 930 грамм болып туған бірінші нәрестенің салмағы 1,9 келі. Екіншісі 980 грамм болған, қазір оның салмағы 2,9 келі. Үшінші нәрестеміз 910 грамм болып дүниеге келді, оның салмағы 1,7 келіге жетті», – дейді қалалық перинаталдық орталығы бас дәрігерініің орынбасары Ботагөз Арынова.