Тоқаев өзіне қауіп төндіретін адамды қызметтен босатты (ВИДЕО)

Бүгін ҚР Парламент Мәжілісі төрағасы Нұрлан Нығыматлуин қызметінен босатылды. Еліміздегі ең ықпалды саясаткер Назарбаевтың жақындары қызметтен босатылып жатқанда неге отставкаға кетті?

Кеше белгілі блогер Ербол Еділов өзінің телеграм каналында «Кейбір ақпарат көздеріне сүйенсек, Нұрлан Нығматулин Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы қызметінен босату және депутаттық мандатын тапсырып беруге өтініш берген» деп жазған болатын. Бүгін бұл ақпарат ресми түрде расталып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзіне қауіп төндіретін адамнан біз ойлағаннан әлдеқайда ертерек құтылуға асыққан секілді. Себебі Нұрлан Нығматулиннің жоғары лауазымды қызметтен, нақтырақ айтсам ел басқаруға омбициясы бар екені көпшілікке белгілі болса керек. Сондай-ақ ол Назарбаевқа арқа сүйеп, Қасым-Жомарт Кемелұлын көзге ілмеген тәрізді. Бұған бірнеше мысал келтіруге болады.

Нұрлан Зайроллаұлы Мәжілісте тым өзін еркінсіп, алдына келген шенеунікті иттен ары, күшіктен бері ететін. Әрине сүйкімі шамалы үкімет мүшелерін сазайын танытқанда тұрған ештеңе жоқ секілді. Алайда Мәжіліс төрағасының тым асқақтауы Тоқаевты көзге ілмейтін, мен-мендік секілді болып көрінді.

Жалпы Нұрлан Нығматулин туралы жағымды пікір айтылған емес. Қарағанды облысын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап тұрған ол біраз азаматтың обалына қалды деген әңгіме бар. Мысалы әкелі-балалы Сейтқазы және Әсет Матевтың істі болып, сотталуына тап осы Нығматулин ықпал еткен деген сөз айтылады.

Сондай-ақ ол Серік Ахметов Үкімет басшысы болып тұрғанда қызметінен кетіріп, түрмеге түсуіне ықпал еткен көрінеді. Қазақи мінезді Серік Нығметұлын қуғындағаны үшін Нығматулинді жұрт аса жақсы көре бермейді.

Ал енді Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрлан Нығматулинді не үшін қызметінен босатуы мүмкін? Қаңтар көтерілісі кезінде Мәжіліс Төрағасы халықты сабырға шақырып, бірде бір рет мәлімдеме жасаған жоқ. Ал бұл кезде Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бір емес, бірнеше рет жағдайға алаңдап, өз ойын ортаға салды.

Нұрлан Зайроллаұлы неге Қаңтар көтерілісі кезінде әу деуге жарамады? Кейбір сарапшылар жаңа жылдың басында Тоқаев пен Назарбаев билікке таласып, арасында қақтығыс болды деген пікір айтады. Бұл пікірдің жаны бар секілді. Демек кланаралық қақтығыс кезінде Нұрлан Нығматулин Нұрсұлтан Назарбаевты қолдап отыруы мүмкін. Ал президенттің экс-президентке қатысы бар азаматтары жоғары лауазымды қызметтен аластап жатқаны белгілі.

Ұзын сөздің қысқасы, мемлекет басшысы Қаңтар қырғыны кезінде өзін қолдамаған Нұрлан Зайроллаұлын қызметтен босатты. Негізі президенттің Мәжіліс төрағасын қызметтен босатуы жағымды жаңалық. Өйткені Тоқаев экс-президентке қатысы бар Нығматулин секілді азаматтарды қызметтен аластатпаса, ертең өзіне қауіп төндіруі мүмкін.