ALASHORDA Мәзір
Общенациональная социал-демократическая партия
Саясат

Жерасты суын пайдаланатын шаруаларға салық азаюы мүмкін

Жерасты суын пайдаланатын шаруаларға салық азаюы мүмкін
Фото: Үкімет

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Салық Кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің 25-ші отырысында жер асты суларын пайдалану кезінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жүктемені азайту мәселесі, жеке тұлғалардың несиесін есептен шығару кезіндегі салық салу қағидаты және борыштық бағалы қағаз бойынша дисконтты есепке алу тәртібі қаралды, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Су ресурстары және ирригация министрлігі 2027-2040 жылдарға арналған жерасты суларын кешенді пайдалану және басқару тұжырымдамасы шеңберінде жерасты көздерін шаруашылық айналымға тарту үшін салық тетіктерін оңтайландыруды ұсынды. Қазір еліміздің жерасты суларының әлеуеті 3,5%-дан аз, ал суару саласында 2%-дан аз пайдаланылады.

Бұл ретте, СРИМ ақпараты бойынша, пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салықтың (ПҚӨС) қолданыстағы ставкалары және жазылу бонусы аграрлық шығындар құрылымында маңызды құрамдас болып қала береді. Осы міндеттерді шешу және су пайдаланушыларды заңды алаңға ауыстыру үшін министрлік 1 текше метр үшін 0,0006 АЕК (2,6 теңге) мөлшерінде жерасты суларын өндіруге арналған жеке төмендетілген ПҚӨС мөлшерлемесін белгілеуді және жерасты суларын тек суару үшін пайдаланатын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жазылу бонусын төлеуден босатуды ұсынады.

СРИМ бағалауы бойынша жерасты суларының бекітілген қорларының кемінде 10%-ын тарту айналымға шамамен 116,7 мың га суармалы жерді енгізуге, агроиндустриялық кластерлерге инвестиция тартуға және жоғары қайта өңдеу өндірісінің көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Вице-премьер Серік Жұманғарин жерасты су көздерін пайдалануды ынталандыруды қолдап, кешенді және теңдестірілген тәсіл қажет екенін атап өтті.

-Біз жерасты суларын пайдалануды ынталандыру тәсілін қолдаймыз. Ол әсіресе жерүсті су көздері тапшы өңірлерде қажет. Дегенмен, түпкілікті шешімдер судың құнына ғана емес, сонымен қатар өнімділікті, инвестиция көлемін және жұмыс орындарын құруды қосқанда, барлық экономикалық әсерге негізделуі керек. Су шектеулі ресурс, сондықтан оны ұтымды есепке алу өте маңызды. Үкімет суаруды дамыту жөніндегі жол картасын құрып, онда су көздерінің барлық түрі ескерілетін болады. Бұл механизмді алдымен сараптамалық және ғылыми қоғамдастықпен талқылау қажет. Ғалымдар экономикалық өсім экологияға зиян келтірмеуі үшін қорлардың қайта толуы мен өндірудің қауіпсіз деңгейіне нақты баға беруі керек,— деп атап өтті вице-премьер.

Талқылау қорытындысы бойынша мәселені пысықтау, оны ғалымдардың есептеуімен және бағалауымен нығайту, содан кейін ғана суаруды дамыту жөніндегі Жол картасына енгізу тапсырылды.

Екінші мәселе жеке табыс салығын (ЖТС) банктер кешірген кезде азаматтардың несиелік берешегі сомасына салық салу туралы болды. Қолданыстағы Салық кодексі бойынша есептен шығарылған борыш сомасы қарыз алушының табысы болып саналып, бұл ЖТС төлеу міндетіне алып келеді. Бұл ретте босату 368-бап бойынша кейбір жағдайларда ғана қарастырылады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығымен бірлесіп, алаяқтық қарыздарды қоса алғанда, үмітсіз кредиттерді есептен шығару кезінде азаматтарды ЖТС-тан толық босатуды ұсынды.

Серік Жұманғарин банктердің коммерциялық тәуекелдері мен қарыз алушылардың қиын өмірлік жағдайларын саралау қажеттігін атап өтті. Мұндағы әңгіме адамға тәуелсіз себептермен несиеге қызмет көрсету мүмкіндігін объективті түрде жоғалтқан жағдайлар туралы болып отыр.

-Алаяқтардың әрекетінен зардап шеккен азаматтар, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған қарыз алушылар қарызын есептен шығарту кезінде ЖТС төлеуден толық босатылуы тиіс. Мұндағы мемлекеттің ұстанымы айқын. Алайда, егер банк өзінің балансын оңтайландыру және провизияларды тарату үшін коммерциялық несиені есептен шығарса, бюджет салық түсімдерін автоматты түрде жоғалтпауы керек. Тәсіл теңдестірілген болуы керек, — деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Отырысқа қатысушылар банктерді сауықтыру және берешекті өндіріп алу рәсімдерін белсенді қолдануға ынталандыру қажеттігін атап өтті. Жиын қорытындысы бойынша вице-премьер уәкілетті мемлекеттік органдарға ҚНРДА-мен бірлесіп егжей-тегжейлі есептеу жүргізуді, «өмірлік қиын жағдай» (мүгедектік, еңбекке қабілеттілігінен айырылу, мүлік пен кірістің болмауы) өлшемдерінің толық тізбесін заңнамалық тұрғыдан бекітуді және келесі отырысқа келісілген ұстанымды ұсынуды тапсырды.

Отырыс барысында, сондай-ақ борыштық бағалы қағаздар бойынша дисконтқа салық салу тәртібі қаралды. Салық кодексінің жалпы анықтамасы бойынша дисконт сыйақыны білдіреді. Бірақ бағалы қағазды өтеу кезінде ол сату фактісінің жоқтығына қарамастан, шын мәнінде құн өсімі ретінде қарастырылады. Бұл экономикалық жағынан бірдей табыс алу үшін салық салдарының айырмашылығын тудырады. Құқықтық қайшылықты жою үшін Салық кодексінің 378-бабының редакциясын пысықтау және борыштық бағалы қағаздар бойынша сыйақы құрамында өтеу кезінде дисконтты сақтау ұсынылды. Бұл купон мен дисконттан түсетін табыстарға салық салудың бірыңғай ашық тәсілін, сондай-ақ қазақстандық биржалық алаңдардағы инвесторлар үшін тең жағдайларды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Талқылау қорытындысы бойынша отырысқа қатысушылар борыштық құралдар бойынша табыстарға салық салудың бірыңғай тәсілінің қажеттілігін қолдап, Салық кодексі жобасының тиісті нормаларын нақтылауға келісті.