Мәзір
Заң мен тәртіп

«Бұл келісім – құр қиял емес»: Украинаға қарсы агрессия үшін Путинді жауапқа тартудың жаңа қадамы

«Бұл келісім – құр қиял емес»: Украинаға қарсы агрессия үшін Путинді жауапқа тартудың жаңа қадамы
Сурет Ашық дереккөзден алынды

Ресей билігі бұл Арнайы трибуналды «заңсыз» деп есептейді

Мамыр айында Еуропа Кеңесі Украинаға қарсы агрессия қылмысын тергеу жөніндегі Арнайы трибунал құру туралы Кеңейтілген ішінара келісімді ресми түрде жариялады. Бұл бастаманы Еуропа Кеңесіне мүше 46 мемлекет қолдады. Ресми мәліметке сай, трибуналдың жұмыс тәртібі мен оны қаржыландыру мәселесін 36 мемлекет пен Еуропалық Одақ бірлесіп айқындайды https://www.svoboda.org/a/eto-soglashenie-ne-mechta-sleduyuschiy-shag-k-nakazaniyu-putina-za-agressiyu/33766013.html.

Бұл Арнайы трибунал – БҰҰ Жарғысын бұза отырып, өзге елге қарсы қарулы күш қолдану шешімін қабылдағандарды, яғни агрессия қылмысын қудалау үшін арнайы құрылып жатқан әлемдегі алғашқы әрі әзірге жалғыз сот органы. Украина бұл құрылымды БҰҰ аясында құруды талап еткенімен, соңында ол Еуропа Кеңесінің шеңберінде жұмыс істейтін болды.

Халықаралық коалиция және қатысушы елдер

Келісімге қосылып, оның жұмыс істеу тетіктерін анықтауға ниет білдірген елдердің қатарында Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, Польша, Украина сияқты еуропалық мемлекеттермен қатар, Еуропа құрлығынан тыс жатқан Аустралия мен Коста-Рика да бар. Еуропа Кеңесі болашақта бұл тізімнің кеңейе түсетінін мәлімдеді.

Украинаның Нидерландыдағы елшісі Андрей Костиннің түсіндіруінше, Коста-Рика бұл процеске «ассоциацияланған мүше» мәртебесінде қосылған. Бұл тетік трибунал қағидаттарын қолдайтын, бірақ тікелей қаржылай жарна құюға дайын емес немесе мүмкіндігі шектеулі елдерді тартуға септігін тигізеді.

Сот жұмысын іс жүзінде бастау туралы түпкілікті шешім Кишиневте өткен Еуропа Кеңесіне мүше елдердің сыртқы істер министрлерінің отырысында қабылданды. Бұл Ресейдің жоғары лауазымды тұлғаларын жауапқа тарту ісінің нақты заңдық деңгейге өткенін көрсетеді.

Трибунал қалай жұмыс істейді?

Арнайы трибунал басып кіруге басты жауапты тұлғаларды анықтап, қылмыстық іс қозғаумен және соттаумен айналысады.

Дәлелдемелер қоры: Украина Бас прокуратурасы жинаған барлық айғақтар Арнайы трибуналдың прокурорына беріледі. Прокурор айыптау актісін дайындап, оны тергеу судьясы бекітуі тиіс.

Құрылымы: Сот үш палатадан (сотқа дейінгі, сот және апелляциялық) тұрады. Онда жұмыс істеу үшін тәуелсіз кеңесшілер тобы ұсынған 15 судья сайланады.

Жұмыс орны: Нидерланды билігі трибуналдың алғашқы кезеңі өтетін Гаага қаласындағы арнайы орынды белгілеп қойды. Мұнда сот әкімшілігі құрылып, судьялар мен прокурор сайланады.

Бұған дейін, 2025 жылдың күзінде Гаага тарапынан Путин үшін құны 70 миллион еуро болатын жоғары деңгейде қорғалған жаңа изолятор салу ұсынысы түскен еді. Бұл ірі донор елдердің арасында біраз алаңдаушылық тудырып, дайындық кезеңін сәл баяулатқанымен, қазіргі уақытта трибунал құру жұмыстары ешқандай кідіріссіз жүріп жатыр.

Тараптардың реакциясы

Ресей билігі бұл Арнайы трибуналды «заңсыз» деп есептейтінін және Мәскеу үшін оның шешімдерінің ешқандай күші болмайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ Кремль Халықаралық қылмыстық соттың (ХҚС) да юрисдикциясын танымайтынын алға тартты.

Ал Украина Сыртқы істер министрі Андрей Сибига бұл келісімді тарихи оқиға деп бағалады:

«Менің алдымда тұрған бұл келісім — құр қиял емес, бұл — шындық. Украина басынан бастап бұл трибуналға сенді. Бұл сот соғыс кесірінен қираған әрбір тағдыр, қаза тапқан әрбір жан үшін әділдік орнатып, қылмыстың жазасыз қалу шеңберін бұзады. Гаагада ғимараттар дайын болады, алғашқы комитет құрылып, үкімдер шығарылады».

Еуропа парламенті де бұл бастаманы толық қолдап, Еуроодақтың барлық мүшелерін Украинаға қарсы агрессия қылмысы жөніндегі Арнайы трибуналдың тезірек жұмыс бастауына атсалысуға шақырды.