Астана қаласының Сарыарқа аудандық прокуратурасы «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Заң түні» әлеуметтік акциясын өткізді, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
«Koktal» сауда-ойын-сауық орталығында өткен іс-шара барысында елорда тұрғындары мен қонақтары мемлекеттік органдардың, Астана қаласы прокуратурасының және уәкілетті органдардың аумақтық департаменттері өкілдерінен құқықтық мәселелер бойынша тегін заңгерлік кеңес алды. Сала мамандары азаматтарды толғандырған сұрақтарға жауап беріп, қолданыстағы заңнама талаптарын түсіндірді.
Астана қаласы Сарыарқа ауданының прокуроры, аға әділет кеңесшісі Данияр Ізбасаровтың айтуынша, Астана қаласының прокуратурасы биыл осындай акцияны 12 рет өткізуді жоспарлап отыр.
«Бұл акцияның мақсаты – азаматтарға тегін әлеуметтік және құқықтық көмек көрсету. Бүгінгі іс-шараға жергілікті атқарушы органдардың, яғни әкімдік пен полиция қызметінің және басқа да мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысып, тұрғындарға кеңес беріп жатыр.
Бүгін өзімнің қабылдауыма келген екі азаматтың өтінішін тыңдадым. Бірі азаматтық-құқықтық қатынастар бойынша сотқа қалай жүгінуге болатынын сұрады. Екінші азамат алаяқтық фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында қандай әрекет жасау керектігі жөнінде кеңес сұрады.
Егер азаматтардың өтініштері заң аясында шешілуі мүмкін болса, біз тиісті шараларды қабылдап, мәселенің оң шешілуіне ықпал етеміз. Ал құқықтық кеңес қажет болған жағдайда, мамандар қолданыстағы заңнама талаптарын түсіндіріп береді.
Біз алдын ала прокуратураның ресми әлеуметтік желідегі парақшаларында хабарландыру жариялап, тұрғындарды құқықтық кеңес алуға шақырдық. Бүгінде азаматтар құқықтық көмек көрсету, азаматтық және қылмыстық істерге қатысты түрлі сұрақтарымен жүгініп жатыр», – деді ол.
Сарыарқа ауданының тұрғыны Қарлығаш Оспанова «Koktal» сауда-ойын-сауық орталығына кездейсоқ келіп, осы акция аясында өз мәселесі бойынша кеңес сұраған.
«Қызым 16 жасқа толғаннан кейін жеке куәлік алмағаны үшін маған айыппұл салынды. Алайда айыппұлды пошта бөлімшесі, банк немесе касса арқылы төлегіміз келгенде, оның жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) басқа адамның аты-жөніне тіркелгені анықталды. Ал мектепте дәл осы ЖСН арқылы ешқандай мәселе туындамайды.
Осы түйткілді мәселені жыл басынан бері шеше алмай жүрмін. Халыққа қызмет көрсету орталығына да, Ішкі істер министрлігіне де бардым. Олар Салық басқармасына жүгінуді ұсынды. Алайда аталған мекеме де мәселені қалай шешу керектігін нақты айта алмады. Соның салдарынан қызым әлі күнге дейін жеке куәлігін алып, айыппұлын төлей алмай жүр.
Бүгін сауда орталығына демалуға келгенде осы акцияның өтіп жатқанын көріп, мамандардан кеңес сұрадым. Олар арыз-шағымымды мұқият тыңдап, жақын арада хабарласатындарын айтты. Сондай-ақ мұндай жағдаймен алғаш рет кездесіп отырғандарын жеткізді.
Шынын айтсам, көңілім алаңдап отыр. Ертең осы ЖСН арқылы басқа біреу қызымның атына несие рәсімдеп жіберсе не болады деген қауіп бар», – дейді Қарлығаш Оспанова.