Мәзір
Жаңалықтар

Петербордағы Путин қатысатын форум қарсаңында дрондар шабуылы үдеді

Петербордағы Путин қатысатын форум қарсаңында дрондар шабуылы үдеді
Фото: REUTERS

Санкт-Петербург қаласы дәстүрлі халықаралық экономикалық форум басталар алдында дрондар шабуылына ұшырады. Маусымның 2-сінен 3-іне қараған түні Санкт-Петербург пен Ленинград облысына украиналық дрондар шабуылдады. Бұл туралы BBC жазды, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

Таңертең облыс губернаторы Александр Дрозденко Ленинград облысының аумағында 59 ұшқышсыз ұшу аппаратының (БПЛА) атып түсірілгенін хабарлады. Оның ішінде ең елеулі жағдай – Санкт-Петербург мұнай терминалы болып отыр. Салдарынан Киров ауданында орналасқан Санкт-Петербург мұнай терминалының үстінен көтерілген түтін бұлты көрінді.

Айта кетейік, ол – Балтық өңіріндегі сұйық жүк тасымалын жүзеге асыратын ең ірі терминалдардың бірі. Ресми мәлімет бойынша, 37 гектар аумақта 32 резервуар орналасқан, ал терминалдың жылдық өткізу қабілеті 12,5 миллион тоннаны құрайды.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Владимир Путин Санкт-Петербургтегі экономикалық форумға келетінін және «баяндама жасауға дайындалып жатқанын» мәлімдеді.

3 маусымда қалада 29-шы Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумы басталды. Оған Владимир Путиннің қатысуы жоспарланған. Ресей президенті 5 маусымда өтетін пленарлық отырыста сөйлеуге тиіс.