Мәзір
Заң мен тәртіп

«Жол қателікті кешірмейді!». Үш күнде 25 адам қаза тапты (ВИДЕО)

«Жол қателікті кешірмейді!». Үш күнде 25 адам қаза тапты (ВИДЕО)

Соңғы күндері Қазақстанда үш бірдей жол-көлік апатынан 25 адам көз жұмды, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі шкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Соңғы күндері еліміздің жолдарында қоғамды дүр сілкіндірген үш бірдей қайғылы жағдай болды. 11 қыркүйекте Маңғыстау облысында шағын автобустың аударылуы салдарынан 10 адам қаза тапты. 14 қыркүйекте Жетісу облысында қарсы жолаққа шығу салдарынан үш автокөліктің соқтығысуы тағы 10 адамның өмірін қиды. Қарағанды облысында да қарсы жолаққа шығу салдарынан болған апаттан 5 адам көз жұмды», – делінген жексенбі күні таратылған хабарламада.

ІІМ қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты.

«Бұл жай ғана жол апаттары емес. Бұл – ауыр адам шығыны», – деді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ғалым Сарғұлов.

Ведомство мәліметінше, әрбір дерек бойынша қылмыстық істер қозғалды.

«ІІМ тергеу жүргізіп жатыр. Алайда, өкінішке қарай, ешқандай тергеу қаза тапқандарды қайтара алмайды», – делінген хабарламада.

Полицейлер жол қозғалысына қатысушыларға үндеу жасады.

«Жол қателікті кешірмейді! Жылдамдықты асыру, қарсы жолаққа шығу, қауіпті маневрлер, қауіпсіздік белдігін елемеу – осындай қателіктер адам өмірін қияды», – деді Сарғұлов.

ІІМ-де жолдағы бақылауды күшейтетіні айтылды.

«Ауқымды тексерістер, рейдтер, қалааралық бағыттар мен жеке тасымалдаушыларды бақылау жүргізіледі. Ерекше назар – көліктің техникалық жағдайына және жүргізушілердің жауапкершілігіне аударылады. Бірақ қауіпсіздік – тек полицияның ғана жұмысы емес. Бұл – әр адамның жеке тәртібі. Өмірлеріңізді және жаныңыздағы адамдардың өмірін сақтаңыздар. Жолдағы бір ғана қате шешімнің құны тым қымбатқа түсуі мүмкін», – деп атап өтті полицейлер.