Роман Склярдің талабымен «Павлодарэнерго» АҚ бас директоры жұмысынан босатылды
ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдің талап етуімен «Павлодарэнерго» АҚ бас директоры Вадим Лесин қызметінен босатылды, деп хабарлайды Alashorda.kz сайты Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Екібастұзға жұмыс сапары кезінде Роман Скляр «Павлодарэнерго» АҚ бас директорының жұмысын қатаң сынға алды.
Бірінші кезекте Үкімет төрағасының бірінші орынбасары соңғы үйлерді және жалпы қаланы жылумен жабдықтауды реттеу мәселесі қалай шешілетінін сұрады. Алайда «Павлодарэнерго» АҚ бас директоры Вадим Лесиннің жауабы Р. Склярдың көңілінен шықпады.
«Сіздің параметрлеріңіз адамдарға ештеңе айтпайды, тұрғындар үшін ең бастысы пәтерлерде жылы болуы керек. 65-66 градус температурада және дұрыс гидравликалық режимде пәтерлерде қалыпты температураға қол жеткізуге болады. Бұл айтып отырғаныңыз түкке жарамайды. Сіз тіпті, менің тапсырмаларымды орындамақ түгілі ештеңе түсіндіре алмайсыз», – деді Роман Скляр.
Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Вадим Лесинге бүгін «Павлодарэнерго» АҚ акционерлерінен оны атқаратын қызметінен босатуды талап ететінін жеткізді. Біраз уақыттан кейін Роман Скляр «ОАЭК» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі Сергей Канмен телефон арқылы сөйлескен кезінде бұл мәселе түпкілікті шешілді.
Айта кетейік, Роман Скляр Екібастұзға жұмыс сапары аясында қаланың әлеуметтік нысандарына барып, бірқатар кездесулер өткізеді.
Фото: pavlodarnews