«Сыбаға» бағдарламасы бойынша мал санын өсірдік»
«Мал өсірсең қой өсір пайдасы оның көл көсір» деген халқымыз ата кәсіп мал шаруашылығына ерекше назар аударып, бірнеше отбасыны жұмыспен қамтып отыр. Солардың бірі Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Ұзынағаш тумасы Серік Жолдасұлы.
Шаруа қожалық иесі жалпы көлемі 7 мың гектер жерде төрт түлік малды бағып, ата кәсіптің бойына қан жүгіртіп отыр. Сондай-ақ ол өзі жетекшілік ететін шаруашылықта 7 отбасы жұмыс істеп, бала-шағасын асырап отырғанын айтады.
«Мал шаруашылығында 20 жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп, жұмыс істеп келе жатырмын. Қазіргі таңда шаруа қожалықта 3 мың аналық қой, 100 бас аналық жылқы мен 100 бас сиыр және 20 бас аналық түйе бар. Үкіметтің қолдауының арқасында шаруашылықты дамытып, қарқынды жұмыс істеп жатырмыз. Нақтырақ айтсам 2009 жылы Үкіметтің «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 15 миллион теңге көлемінде несие алып, мал санын еселеп өсірдік. Бұдан бөлек Үкімет бір қойдың басына 4 мың теңге, ал жем-шөбіне деп 3 мың теңге беріп отыр. Жалпы көлемі Үкіметтен 20-21 миллион теңге көлемінде субсидия аламыз. Бір сөзбен айтқанда үкімет тарапынан қолдау көріп отырмыз.
Өкінішке қарай кейбір азаматтар үкіметтен көмек алып, әу бастағы мақсатына жұмсамай жатады. Үкіметтің «Шаруашылығыңды дамытып, жұмыс орнын аш» деп берген қаржысына қымбат көлік алып алады. Бұл әрине кейбір «Кәсіп бастаймын» деген азаматтарға кедергі келтіреді. Әйтпесе үкімет тарапынан шаруаларға қолдау баршылық», – дейді Серік Жолдасұлы.
Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ