«Жас ғалымдардың мәселесін шешумен атсалыссам деймін»

Қоғамда «Жастар жоғары жалақысы болмаған соң ғылым саласына қызықпайды» деген пікір жиі айтылады.   Әйтсе де елімізде «Инемен құдық қазатын» салада жұмыс істеп жүрген жастар баршылық.  Солардың бәрі һәм бірегейі 36 жастағы географ-ғалым және PhD докторы Шахислам Лайсханов.

«Мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің жанынан құрылған жас зерттеушілер кеңесінің төрағасымын. Сондай-ақ осы жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының жанынан жас ғалымдар кеңес құрылды. Алқалы жиында Жас ғалымдар кеңесінің төрағасының орынбасары болып сайландым. Төраға орынбасары ретінде жас ғалымдардың мәселесін көтеріп, оны шешуге атсалыссам деймін.

Ал жеке өз басыма келер болсам, осы уақытқа дейін әр түрлі ғылыми жобаларға бастамашы болып, жүзеге асырдым. Нақтырақ айтсам бұған дейін екі жобаның ғылыми жетекшісі ретінде еңбек еттім. Қазіргі кезде тағы бір ауқымды ғылыми жобаны қолға алып жатырмын. Менің диссертациялық жұмысым және ғылым жолындағы ең алғашқы жұмыс орным аграрлы саламен тікелей байланысты болды. Өзім география саласының маманы болсам да, менің диссертациялық жұмысым – Оңтүстік Қазақстан облысындағы аграрлы аймақтардың деградациясы болды.

Өмірбек Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми зерттеу институтында жұмыс істедім. Аталған институттағы ең алғашқы жобалар ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты болды. Ауыл шаруашылық жерлеріне мониторинг пен картография жасау және өнімділікті болжаудың ғарыштық әдісін әзірлеу секілді тақырыпта зерттеу жұмыстарын жүргіздім», – дейді жас ғалым.

Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ