PR менеджер ауыл әкімі сайлауына түскендерге кеңес берді
Бұл сұрақты ADAL партиясының сайлауалды науқан кезіндегі PR кампаниясын жасаған маман Назым Жанғазиноваға қойған едік. Сауатты үгіт-насихаттың арқасында аталған партия «Нұр Отаннан» кейін екінші орын алған болатын. Алайда билік әділетсіз сайлау арқылы ADAL партиясын орта жолда сүріндірді. Бұл енді өз алдына бөлек әңгіме.
- Әлеуметтік желі – бесінші билік.
Жанғазинованың айтуынша, ауыл әкіміне үміткер азамат мүмкіндігінше әлеуметтік желіде белсенді болуы керек. Әлеуметтік желіде ірі қаланың әкімдері ғана емес, сонымен қатар ауыл әкімдері де өз ойын жазғаны абзал.
«Қазіргі таңда әлеуметтік желіге облыс немесе қала әкімдері ғана тіркелген. Әрине, ауылды жердің барлығында интернет бола бермейді, оған соңғы сайлауда ел аралап көзіміз жеткен болатын. Бірақ, интернетке қолжетімді үміткерлер әлеуметтік желілерде өз парақшаларын міндетті түрде ашып, сайлауалды ақпаратпен бөлісіп отырған жөн.
Әрбір қалалық тұрғынның тамыры ауылда. Әрқайсымыздың әке-шешеміз, ата-әжеміз немесе туыстарымыз ауылда тұрады. Яғни, ауылдың проблемаларын қаланың әрбір тұрғыны біледі. Бұл, ауылдық әкімдікке кандидаттың электораты тек ауылдың тұрғындары ғана емес, қалалықтар да деген сөз.
Мысалға, менің әжем тұрып жатқан Шоқан ауылының проблемасы шешілгені Астанада тұрып жатқан мен үшін де өте маңызды. Әлеуметтік желіде сол ауылдың әкімдікке үміткердің парақшасын кездестіріп, сайлауалды бағларламасына қызықсам, мен міндетті түрде ауылдағы әжем мен тустарымды дауыс беруге шақырар едім.
Бір сөзбен айтқанда, кандидат тек жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарымен ғана жұмыс істемей, әлеуметтік желіде өзінің бағдарламасы мен алда атқаратын шаруаларын жазып отыру керек. Егер үміткер әлеуметтік желіге тіркелмесе міндетті түрде оған facebook пен instagram-ға тіркелуге кеңес берер едім. Біз БАҚ-ның төртінші билік деп айтатын болсақ, бесінші биліктің әлеуметтік желі болып отырғаны жасырын емес. Сондықтан сайлауалды үгіт-насихат кезінде әрбір кандидат міндетті түрде әлеуметтік желіде жазып отыру қажет. Әрине, интернет болса. Мәселен «Адал» партиясында жұмыс істеген кезде электораттың 70 пайызы әлеуметтік желі арқылы келіп отырды», – дейді ол.
- Теледидар = бейнеролик
PR маман үгіт-насихат жұмысында видеоконтенттің маңызы зор екенін, сондықтан да үміткер өзінің бағдарламасы туралы қысқа-нұсқа бейнеролик жасағаны жөн екенін екенін ескертті. Өйткені ол ауылды жердегі халық теледидарды жақсы көретінін айтты.
«Демек кандидат өзінің өмірбаяны мен бағдарламасы туралы қысқа-нұсқа бейнеролик дайындап, халыққа ұсынуы керек. Өкінішке қарай ауыл әкіміне кандидаттың облыстық немесе республикалық теледидарға шығуға қаржылық мүмкіндігі болмауы мүмкін. Алайда, видеоны ауылдың ватсап/басқа да мессенджер топтарына тарату көп қаржыны талап етпейді. Ватсап демекші, әрбір кандидат сол ауылдың ватсап топтарына қосылып, өзіне қатысты ақпараттарды сонда салып отырса болады. Өйткені көршілер мен туысқандар және басқа топтағы видеолар көбіне чаттан чатқа вирус болып жақсы таралады. Бірақ бейнеролик қысқа-нұсқа болғаны жөн. Себебі көп адам өз ойымды толық жеткізейін деп 5-10 минуттық бейнеролик жасап жатады. Менің ойымша, 1, ары кетсе 3 минуттың ішінде бағдарламаның ең негізгі мақсатын айтып шығуға болады. Ұзақ видео түсіремін деп халықты жалықтырып алмау керек.
Видео тым ресми болмағаны жөн. Эмоционалды, шын көңілмен жазылған видео қашан да адамның назарын аударып жүрегін баурайды», – дейді маман.
- Үгіт-насихат кезінде ақпаратты электоратқа тез жеткізетін құрал – таргет
Интернеттің арқасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу оңай бола түсті. Соның бірі өзіңізге қатысты ақпаратты таргет арқылы көпшілікке ұсыну болса керек.
«Адал» партиясының үгіт-насихаты кезінде біз таргетті мықты қолдандық.
Егер мен ауыл әкіміне кандидат болсам, ең бірінші кезекте жұмысымды таргеттен бастар едім. Кандидат сайлауалды бағдарламадан бастап өзіне қатысты ақпаратты таргет арқылы әлеуметтік желіге шығарып отырған дұрыс. Сондай-ақ ол ауылды жердегі халық қандай блогерді оқып, тойға барғанда қай әншіні тыңдайтынына көңіл бөлу керек. Мәселен, ауыл тұрғындары Қайрат Нұртасты жақсы тыңдайтын болса, таргет берген кезде аталған әншінің аудиориясын көрсете салу керек. Әншіні сүйіп тыңдайтын адамның бәрі таргетке жарнама берген кандидаттың бағдарламасымен танысатын болады.
Кандидат өзіне қатысты ақпаратты таргет арқылы тек өз ауылына ғана бермей, аудан, облыс тіпті республика көлемінде таратуға болады. Оның себебіе жоғарыда айтып кеттім, әрбір қалалық тұрғын таргетті ұстап, туған-туыстары мен таныстарына «Осы адамға дауыс беріңіздер» деп айтуы мүмкін», – дейді ол.
- Құрғақ уәде бермей, нақты мәселеге назар аударудың өзі жақсы пиар.
Назым Жанғазинованың айтуынша, ауыл әкіміне үмітті азамат халықпен көзбе-көз кездесуге мән беру керек. Өйткені ол кандидаттың ең бірінші электораты ауыл тұрғындары екенін ескертті.
«Үміткер ауыл тұрғындарымен көзбе-көз кездесіп, құрғақ уәде бермей, нақты мәселеге назар аударуы керек. Міне осы кезде адамдар кандидатқа іштей жақындайды. Қазіргі интернет дамыған кезеңде адамдар ақыл айтып немесе өтірік уәде бергеннен шаршады. Азаматтардың қолдауын алғың келсе, халықтың мәселесін бірге көтеріп, оны шешудің жолын бірге іздеу керек. Мәселен кейбір ауылда интернет дұрыс істемейді. Сондықтан кандидат міндетті түрде ауылды интернетпен қамтамасыз ету мәселесін көтеріп және оны шешуге атсалысатынын жолдарын дайындап, айту керек. Өйткені қазіргі пандемияның кезінде интернетсіз өмір сүру қиын болып кетті. Мектеп оқушыларының оқуынан бастап үйде отырып жұмыс істеуге дейін интернет арқылы болып жатыр», – дейді ол.
- Үгіт-насихатты қағазбен жүргізу ескіліктің белгісі (әлемдік тенденция)
Сайлауалды үгіт-насихат дегенде брошюра мен қағаз жарнама еске түседі. Назым Жанғазинова интернет заманында жарнаманы қағаз арқылы жүргізудің дұрыс емес екенін айтады.
«Жеке өз басым маман ретінде әр істеген затымыз экологияға зиянын келтірмеуі керек деп ойлаймын. Егер интернет пен әлеуметтік желі және электронды бұқаралық ақпарат бар болса, қағаз таратудың қажеті қанша? Мәселен «Адал» партиясында біз брошюраларды көп шығарған жоқпыз. Ең дұрысы адамдармен офлайнда кездесуге мән беру керек. Кандидат халықпен көзбе-көз кездесіп, көп нәрсе түсіндіре алуы керек. Ауылды жерді аралағанда қарапайым халық депутаттың немен айналысуы керек екенін білмейді. Жалпы әкімдердің негізгі жұмысы қандай екенін әр адам түсінетіндей қарапайым тілмен жеткізіп отырса, ұтымды болар еді», – дейді маман.
Бір сөзбен айтқанда үгіт-насихат жұмыстарын қағазбен жүргізу ескіліктің белгісі. Сондықтан да ауыл әкімі болуға үмітті азаматтар заман талабына сай әрекет еткені жөн.
Серік Жолдасбай