Мәзір
Заң мен тәртіп

Есірткі қылмысына тартылған 60-тан астам жасөспірім ұсталды – ІІМ

Есірткі қылмысына тартылған 60-тан астам жасөспірім ұсталды – ІІМ
Polisia.kz сайты

Қазақстанда есірткінің заңсыз айналымына тартылған 60-тан астам кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталды, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

«Заң мен тәртіп» қағидасын іске асыру аясында Ішкі істер министрлігі есірткі қылмыстарын анықтау және олардың жолын кесу бойынша белсенді жұмыстар жүргізіп жатыр. Жасөспірімдер мен жастар арасындағы алдын алу шараларына ерекше назар аударылған. Бұл бағытта кәмелетке толмағандарды есірткі ортасына тарту фактілерін азайтуға бағытталған іс-шаралар жүзеге асырылуда.

Жалпы республика бойынша шамамен 17 мыңға жуық есірткіге қарсы іс-шара өткізілген. Оларға 2 миллионнан астам жасөспірім мен жастар қамтылған.

Соған қарамастан, соңғы уақытта есірткі құралдарын тарату кезінде ұсталған кәмелетке толмағандардың саны артқаны байқалады. Мәселен, Абай облысында полиция колледждің бірінші курс студенті – кәмелетке толмаған қызды аса ірі көлемде психотроптық зат сақтағаны үшін ұстаған. Тінту барысында одан 16 грамм синтетикалық есірткі табылып, тәркіленді.

Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысында тағы бір жасөспірім ұсталды. Ол Алматыдан Өскеменге ұшып барып, бір ай бойы интернет-дүкен арқылы тыйым салынған заттарды жеткізумен айналысқан. Ұстау кезінде одан α-PVP тобына жататын 3 грамм синтетикалық есірткі алынды.

ІІМ мәліметінше, бүгінде ел бойынша есірткі айналымына тартылған 60-тан астам жасөспірім анықталып, ұсталған.

Министрлік ата-аналарды балалардың кіммен араласатынына және қандай әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді пайдаланатынына назар аударуға шақырады. Себебі мұндай ресурстарда «қашықтан жұмыс» немесе «жеңіл табыс» түріндегі хабарландырулар арқылы жасөспірімдерді заңсыз әрекеттерге тарту жағдайлары жиілеген.

ІІМ еске салады:

есірткі және психотроптық заттарды сатумен айналысқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады, мұндай қылмыс үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделген;

алдағы уақытта ата-аналардың салғырттығынан балалар құқық бұзушылыққа тартылған жағдайда, ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікті қатаңдату жоспарланып отыр.

Министрлік азаматтардың, әсіресе кәмелетке толмағандардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған «Заң мен тәртіп» қағидасын жүйелі түрде жүзеге асыруды жалғастыратынын хабарлады. Жасөспірімдерді есірткі бизнесіне тартудың әрбір фактісі ерекше бақылауда.