Тоқаев Германия Президентіне көңіл айтты

Мемлекет басшысы Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайерге көңіл айту жеделхатын жіберді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Магдебург қаласындағы жәрмеңкеде орын алған жантүршігерлік оқиға салдарынан бірнеше адамның қаза табуына байланысты Германия Федеративтік Республикасының Федералдық Президенті Франк-Вальтер Штайнмайерге көңіл айтты.
— Достас герман халқының ауыр қайғысына ортақтасып, еліміздің және өз атымнан марқұмдардың туған-туыстарына көңіл айтамын. Сондай-ақ зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін, — деп жазылған жеделхатта.
Еске салсақ, жұма күні кешке қара түсті BMW жүргізушісі көлікті Магдебургтегі (Саксония-Анхальт федералды штаты) Рождестволық базарға әдейі бағыттап, бірнеше адамды қақты.
Кейіннен көлік жүргізушісінің 1974 жылы туған Сауд Арабиясының тумасы екені анықталды.