Ұшақ апаты: Ресей шабуыл болғанын мойындады

Ақтау маңындағы ұшақ апатына байланысты ресейлік Росавиация басшысы Дмитрий Ядров мәлімдеме жасады. Ол Әзербайжан әуе жолдарының ұшағы жақындағанда Грозный үстінде украиналық дрондар ұшып жүргенін айтты, деп хабарлайды Аlashorda.kz сайты.
Tvrain мәліметінше, ол екі күннен бері алғаш рет ресми мәлімдеме жасап отыр.
Ядров болған жағдайдың барлық мән-жайын мұқият тексеру қажеттігін айтқан. Оның сөзінше, апат болған күні Грозный әуежайының маңындағы жағдай өте қиын болған. Ядровтың айтуынша, «Украина дрондары осы уақытта Грозный және Владикавказ қалаларында азаматтық инфрақұрылымға шабуыл жасаған».
Осы кезде әуежай аймағында барлық әуе кемелерінің көрсетілген кеңістіктен дереу кетуін көздейтін «кілем» режимі енгізілген.
Сонымен қатар, тұман түсіп, 500 метр биіктікті көру қиынға айналған.
“Әуе кемесінің командирі Грозныйға ұшақты қонуға екі рет әрекет жасады, онысы сәтсіз болды. Командирге басқа әуежайлар ұсынылды. Ол Ақтау әуежайына бару туралы шешім қабылдады”, — деп қорытындылады Росавиация басшысы.
Еске сала кетейік, 25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 38 адам қаза тапқан болатын.