«Адамды алға жетелеп, шын бақытқа жеткізетін – адал еңбек»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында еңбек адамының қадірін білуіміз керектігін, еңбекқор адам мемлекетті дамытатынын сөз еткен еді. Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды. Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде бәсекеге қабілетті болуы керек. Көрші мемлекеттің азаматтары шетелге барып, жұмыс талғамай еңбек етіп жатыр. Олар біздің елде де өте жақсы табыс тауып жүр. Дәл осындай жандардан үлгі алу керек. Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Идеология жұмысында осыған баса мән берген жөн», – деген болатын.
Шынтуайтында, Президент көтерген бұл мәселе қоғамда әлі де өзекті. Қазіргідей адамды ауырдың асты, жеңілдің үстімен ақша тапқысы келетін пейіл билеген заманда расында да, елге жанашыр, бейнеткеш адамдарды дәріптеуіміз керек. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін жастар арасында «қара жұмысқа» мұрын шүйіре қарап, жұмысшы мамандығын төмен санайтын теріс түсініктен арыла алмай жүргендер баршылық. Алайда нағыз дамыған елдерде құрылысшы да, токарь да, дәнекерлеуші де, еден жуушы да қоғамға қажетті, сұраныс жоғары таптырмас маман саналады. Олардың ебегіне жоғары деңгейде жалақы төленеді. Сол үшін де еліміздің жастары шетелдерде ауыр еңбекке жегіліп, нәпақасын сырттан тауып жүр. Десе де жастарға үлгі боларлық еңбек адамдары елдің қай қиырынан болса да табылады. Соның бірі – болмысынан бейнеткеш, жастайынан еңбекқор болып өскен Дәулен Бәйтіков. Ол бүгінде Жуалы ауданы, Боралдай ауылдық округінің Көлтоған ауылында тұрады.
1963 жылы Талас ауданының Көлтоған ауылында туғанымен оның ата-анасы үш жасында Көлтоғанға көшіп барған екен. Сол ауылда 1980 жылы орта мектепті бітіріп, Түркістан облысының Түлкібас ауданының орталығы Т.Рысқұлов ауылындағы сол кездегі гидромелиоративтік техникумының ауыл шаруашылығы механизаторы факультетінде оқып жүріп, 1982 жылы әскерге шақырылған екен.
– 1982-1984 жылдар аралығында Отан алдындағы борышымды Ресейдің Куйбышев қаласындағы авиациялық әскери бөлімшеде өтедім. Әскери бөлімде қатардағы жауынгер – рядовой болып, радиостансада радиомеханик-электрик қызметін атқардым. Міндетім – ұшақ апатқа ұшыраған жағдайда «қара жәшік» кассеталарын жинап, пломбалау болатын. Сондай-ақ әскери базада жарық сөнген сәтте арнайы техниканың моторын қосып, әскери базаға жарық беретінмін. Менің механизатордың оқуын оқығанымның пайдасы әскерде көбірек тиді деп айта аламын. Мәселен, бір жолы кезекті мәрте электр жарығы өшкенде, бар болғаны бір минут ішінде әскери бөлімді электр жарығымен қамтамасыз еткенім үшін марапатталып, он күнге туған елге демалысқа келіп-кеттім. 1982 жылы ефрейтор шенімен аман-есен әскерден оралдым.
1985 жылы аталған гидромелиоративтік техникумдағы оқуымды аяқтап, ауылдағы «Пут к родине, яғни «Отанға апарар жол» атты ұжымшарға мехнизатор болып жұмысқа тұрдым. Алдымен слесарь болып еңбекке араласып, бір айдан кейін тракторшылар бригадирі болдым. 1989 жылы автобөлшектерді үнемді пайдаланғанымыз үшін біз еңбек ететін №1 тракторшылар бригадасы бірінші орынды жеңіп алып, марапатты ауданның атқару комитеті хатшысының өз қолынан алдық. Ол кезде ұжымшарды Сәбит Қадыров есімді азамат басқаратын, ол кісі де менің еңбегімді елеп, Венгрияға демалысқа жолдама ұсынды. 1993 жылы ұжымшар таратылуға ыңғайлана бастағанда бригадирлікті өткіздім де, ұжымшарға келген су жаңа «Беларус – 80» тракторын үш жыл тізгіндедім. Сол кезде ұжымшар таратылып, мен «Көлтоған ырысы» ұжымының төрағасы болып 2008 жылға дейін еңбек еттім. Осы шаруашылық тарағаннан кейін мені «Хайырбек» шаруа қожалығының сол кездегі төрағасы Исағали Қайырбеков механизаторлыққа жұмысқа шақырды. Қазір ол ағамыз өмірден өткенімен, шаруашылықты інісі Сағынғали Қайырбеков басқарып, табысты жүргізіп келеді. Сол жерде тракторды да, комбайнды да тізгіндеп жүрген жайым бар, – деді Дәулен Әбенұлы.
Кейіпкеріміз отбасын 1987 жылы құрған екен. Ол үйдегі отанасы – Меруерт Бәйтіковамен де тілдестік.
– Екі ұл мен бір қызды тәрбиелеп өсірдік. Тұла бойы тұңғышымыз – ұл, есімі Данияр. Құдайға шүкір, қолымызда келін бар, алты немере сүйіп, ата-апа деген атауға ие болып отырмыз. Одан кейінгі қызым Шапағат та үйлі-баранды болды. Кенжеміз Бақтиярды жақында аяқтандырсақ деген ниеттеміз.
Отағасының табысы айына шаққанда 250 мың теңгенің арғы-бергі жағын шамалайды. Ауылда тұрғаннан кейін қолымызда мал бар, онсыз болмайды ғой, ол да өз қажеттілігімізді өтеп отыр. Өзім «Боралдай» балабақшасында аспаз болып еңбек етіп, зейнетке бір-екі жыл бұрын шықтым. Осы күнге жетуіміз еткен еңбегіміздің арқасы, – деді Меруерт Каналқызы.
Кейіпкеріміз адал еңбек адамды бақытқа, табысқа жетелейтінін айтады.
– Менің өмірімде бір нәрсеге көзім анық жетті, ол адамды алға жетелейтін, шын бақытқа жеткізетін – адал еңбек. Жұмыстың ауыр-жеңілі жоқ, егер кімде-кім өз міндетін шын ниетпен атқарса, өз жұмысына шынайы ниет танытса, оның босағасына бақ байланып, шаңырағы шаттыққа, берекеге кенеледі. Мен өзім механизатор мамандығын таңдадым. Техниканың тілін жетік меңгеріп, өз мамандығымды сүйгендіктен еңбекте табысты, ұжымдық ортада абыройлы болдым. Оның ішінде үлкенге ізет, кішіге құрмет, тарыққан жанға көмек беру де адамды өсіретін мінез деп айтар едім.
Кейбір жастар «Мамандық маңызды емес» деп ойлауы мүмкін, бірақ мен олай айтпас едім. Әркім өзі таңдаған ісін сүйіп, өз ісіне ар биігінде қараса жүзі жарқырайды, беделі де биік болады, елдің де көркеюіне үлес қосады. Бастысы – мамандығыңды қадірлеу, өз мойның алған жұмысыңа жауапкершілікпен қарау. Себебі қоғамда мінезі біртоға, артық сөзі жоқ, өз ісіне адал, елгезек адамға ғана сұраныс болады.
Елге еңбегінің арқасында танылған адам ғана көптің жадында қалады, әрдайым құрмет құшағында болады. Сондықтан жас буынға «Не істесең де шын ықыласпен істе. Сонда ғана өмірің мәнді, еңбегің нәтижелі болады» деп айтар едім, – дейді Дәулен Бәйтіков.
Майталман механизатор әскерде болған сәтін әңгімелегенде Отан қорғау ісі де ер-азаматқа тән борыш екенін, ол да бір Отанға деген адалдық екенін сөз арасына қосқан еді.
– Кенже ұлым Түркістан облысында әскери борышын өтеп келді. Қазір жастардың кейбірі денсаулығы жарамды болса да әскерге барғылары келмейді. Бірақ ер-азамат үшін әскери борышын өтеу – ең үлкен парыз, жігіттің міндеті. Бұл да ел алдында еңсеңді биік ұстауға, нағыз азамат болып қалыптасуыңа әсер ететін жайт, – деді ол.
Сөзімізді тағы да мемлекет басшысының сөзімен ұштастырсақ, «Адал адам – адал еңбек – адал табыс» ұғымы бүгінде қоғам дамуының берік іргетасына айналуы тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында осы қағидаларды баршаға арнап айтып, қоғамдық құндылықтарды жаңғырту жолында нақты қадамдар жасалатынын атап өткен еді. Президент өз сөзінде: «Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды.
«Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады. Балалар мен жастарды тәрбиелеп, олардың бойына осы озық құндылықтарды сіңіруге айрықша көңіл бөлінуі керек», – деді.
Кейіпкеріміздің әркім өз ісін адал атқаруы керек деген пікірі осы ұғымға саяды. Жастарға айтар тілегі де, ақылы да Мемлекет басшысының сөзімен ұштасып отыр. Біздің де осы мақаланы жазудағы басты мақсатымыз – еңбек адамдарын көпшілікке, әсіресе жастарға үлгі ету, қоғамда адал, таза еңбек береке мен табысқа, құрметке жетелейтін маңызды көрсеткіштер екенін нақтылай түссу еді.