Мәзір
Әлем

АҚШ Ирандағы Харк аралын басып алмақшы ма?

АҚШ Ирандағы Харк аралын басып алмақшы ма?
Сурет ашық дереккөздерден алынды

АҚШ Ирандағы Харк аралын басып алмақшы ма?

АҚШ-тың Ирандағы Харк аралын «басып алуға» дайындалып жатқаны туралы ақпараттар халықаралық ақпарат кеңістігінде қызу талқылануда. Бұл мәліметтер негізінен The New York Times басылымының аты аталмаған Пентагон өкілдеріне сілтеме жасауымен тарады. Алайда ресми түрде Пентагон немесе CENTCOM тарапынан мұндай операцияға нақты бұйрық берілгені расталмаған https://www.milliyet.com.tr/dunya/son-dakika-abd-iranin-hark-adasini-isgal-etmeye-mi-hazirlaniyor-3-bin-kisilik-muharebe-birligi-7559552.

АҚШ жоспары туралы не белгілі?

Жарияланған мәліметтерге сәйкес, АҚШ әскери басшылығы Иранға қарсы ықтимал операцияларды алдын ала жоспарлау үстінде. Солардың бірі – шамамен 3 мың сарбаздан тұратын 82-ші әуе-десант дивизиясы бөлімшесін қолдану мүмкіндігі.

Сценарийлердің бірінде бұл күштер Иранның Парсы шығанағындағы стратегиялық нүктесі – Харк аралы бағытында операция жүргізуі ықтимал деп айтылады. Сонымен қатар АҚШ теңіз жаяу әскерінің шамамен 2,5 мың сарбазы қатысуы мүмкін тағы бір нұсқа қарастырылып отырған жайы бар. Алайда бұл тек «сақтықпен жасалып жатқан жоспарлау» деңгейінде екені, ал нақты шешімнің Дональд Трамп тарапынан қабылданбағаны атап өтіледі.

Харк аралы неге маңызды?

Харк аралы – Иран экономикасы үшін аса стратегиялық нысан.

Ол ел мұнай экспортының шамамен 90%-ы өтетін басты терминал

Арал Парсы шығанағында, Иран жағалауынан ~30 км жерде орналасқан

Жылына жүздеген миллион баррель мұнай осы жерден жөнелтіледі

Терең су айлағы ірі танкерлерді қабылдауға мүмкіндік береді

Аралда мұнай өндірілмейді, бірақ ол – құбырлар арқылы жеткізілген шикізатты сақтап, әлемдік нарыққа жөнелтетін негізгі логистикалық хаб.

Геосаяси жағдай

АҚШ, Иран және Израиль арасындағы шиеленіс соңғы апталарда күрт күшейген. Әскери қақтығыстар мен өзара соққылар аймақтағы тұрақсыздықты арттырды.

Иран тарапы да жауап ретінде аймақтағы кейбір елдердегі нысандарға соққы жасағанын мәлімдеді. Бұл жағдай Парсы шығанағындағы қауіпсіздік пен энергетикалық нарыққа тікелей әсер етуде.

Ерік Қайратбекұлы Құнанбай қажы атындағы «Алаш аудармашылар одағы» Қоғамдық Қорының төрағасы, тәуелсіз саясаттанушы:

Харк аралын «басып алу» туралы ақпараттар әзірге нақты әскери шешім емес, тек ықтимал сценарий ретінде қарастырылып отыр. Бірақ мұндай жоспарлардың өзі аймақтағы геосаяси тәуекелдердің өте жоғары деңгейде екенін көрсетеді.

Егер бұл сценарий іске асса, ол тек Иран үшін ғана емес, бүкіл әлемдік мұнай нарығы мен халықаралық қауіпсіздік жүйесіне үлкен соққы болар еді.