Буркина-Фасо, Мали, Нигер, Оңтүстік Судан, Лаос, Сьерра-Леоне және Сирия азаматтары, сондай-ақ Палестина әкімшілігі берген паспорт иелері 1 қаңтардан бастап АҚШ-қа туристік те, иммиграциялық визалар бойынша да кіре алмайды, , деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі BBC агенттігіне сілтеме жасап.
Лаос пен Сьерра-Леоне азаматтарына қатысты ішінара шектеулер бұған дейін де қолданылған. Осылайша, Дональд Трамп әкімшілігі АҚШ-қа 19 елдің азаматтары мен палестиналықтардың кіруіне толық тыйым салды. Бұдан бөлек, тағы 15 мемлекет ішінара шектеулер енгізілген елдер тізіміне қосылды.
Ақ үй Түрікменстанға қатысты ішінара шектеулерді жұмсартты. Билік өкілдерінің мәлімдеуінше, ел «елеулі прогресс көрсеткен». Енді Түрікменстан азаматтары АҚШ-қа иммиграциялық емес визалармен бара алады, ал иммиграциялық визаларға қатысты тыйым күшінде қалады.
Айта кетейік, Дональд Трамп маусым айының басында 12 ел азаматтарының АҚШ-қа кіруіне тыйым салу және 7 ел азаматтарына шектеу енгізу туралы жарлыққа қол қойған болатын. Мұндай тәжірибе оның алғашқы президенттік мерзімінде де қолданылған.