Мәзір
Әлем

Әуе қорғанысы дағдарысы: Путиндік Ресей неге ескі жүйелерге қайта оралуға мәжбүр?

Әуе қорғанысы дағдарысы: Путиндік Ресей неге ескі жүйелерге қайта оралуға мәжбүр?
Сурет Ашық дереккөзден алынды

Ресейдің әуе қорғанысы тығырыққа тірелді ме? Ескі жүйелер мен кеме қондырғылары майданға шыққаны нені білдіреді?

Украина Қарулы Күштері Ұшқышсыз жүйелер күштерінің қолбасшылығы Ресейдің әуе қорғанысы саласындағы елеулі тапшылықты атап өтті. Сарапшылардың пайымдауынша, Мәскеу заманауи кешендердің орнын толтыру үшін 60-жылдардағы ескі технологияларды жаңғыртып, тіпті әскери кемелердегі қондырғыларды құрлыққа көшіре бастағаны БАҚ өзекті тақырыбына айналды https://ru.themoscowtimes.com/2026/05/14/glava-sil-bespilotnih-sistem-vsu-zayavil-chto-iz-za-defitsita-pvo-rossiya-nachala-ispolzovat-sistemi-60-h-godov-i-snimat-ih-s-voennih-korablei-a195308.

Украинадағы соғыс жаңа технологиялар дәуіріндегі әскери қақтығыс ретінде сипатталса да, соңғы мәліметтер керісінше үрдісті де көрсетіп отыр: Ресей заманауи қауіптерге қарсы тұру үшін жарты ғасыр бұрынғы қару-жарақты қайта пайдалануға көшкені — тек техникалық мәселе емес, стратегиялық дағдарыстың белгісі де болып табылады.

Майдандағы жаңа әлсіздік: ӘҚҚ тапшылығы

Украинаның Ұшқышсыз жүйелер күштерінің басшысы Роберт Бровдидің мәлімдеуінше, Ресей әуе қорғанысы құралдарының (ПВО) жетіспеушілігін сезініп отыр және осы себепті 1960-жылдары жасалған ескі зениттік кешендерді қолдана бастады. Оның айтуынша, бұл жүйелер тіпті әскери кемелерден де алынып, құрлықтағы майданға жіберілуде.

Бұл ақпараттың төбе көрсетуі бірнеше маңызды жайтты аңғартады. Біріншіден, Ресейдің қазіргі ӘҚҚ жүйелері соғыс жағдайында жеткіліксіз болып қалды. Екіншіден, жаңа қару өндірісі немесе жеткізу қарқыны майдан қажеттілігін толық қамти алмай отыр.

Дрондар соғысы дәуіріндегі: дәстүрлі ӘҚҚ әлсіз тұсы

Соңғы жылдары Украина армиясы дрондарды кеңінен қолданып, әлемде қалыптасып келген соғыс тактикасын түбегейлі өзгертті. Радарларға байқалмай өту қабілетіне ие ұшқышсыз аппараттар төмен биіктікте ұшып, Ресейдің басына қара бұлтты үйрілтіп, дәстүрлі әуе қорғанысы жүйелерінің тиімділігін күрт төмендетті.

Әскери сарапшылардың айтуынша, көптеген классикалық ӘҚҚ жүйелері төмен ұшатын шағын нысандарды анықтауда қиындыққа ұшырайды. Кей жағдайда олар дрондарды табиғи кедергілермен немесе тіпті құстармен шатастырып жатады.

Осыған байланысты, Ресей тек заманауи жүйелерге ғана емес, қолда бар барлық ресурстарға — оның ішінде ескі техникаға да жүгінуге мәжбүр болып отыр.

Әскери-өнеркәсіптік қысым және ресурстар тапшылығы

ӘҚҚ жүйелерінің жетіспеушілігі Ресейдің әскери-өнеркәсіптік кешенінің иығынан түсіп отырған салмақтың аса ауыр екенін көрсетеді. Соғыс ұзаққа созылған сайын, қару-жарақ қоры сарқылып, жаңа өндіріс қажеттілігі арта түстіні әбден белгілі жайт.

Бұған дейін Ресейдің әртүрлі бағытта — теңіз дрондары, ұшқышсыз жүйелер — жаңа жобаларды іске қосуға талпына тырысқаны белгілі. Алайда кейбір жобалар техникалық және инфрақұрылымдық қиындықтарға байланысты толық жүзеге аспай жатқаны да жасырын емес. Ұзақ мерзімді перспективада әскери тиімділікті қамтамасыз ете алмайтын ескі жүйелерді қайта іске қосу — бұл уақытша шешім болып табылады.

Ақпараттық шектеулер және шынайы жағдай

Соңғы уақытта Ресейде дрон шабуылдарына қатысты ақпаратты жариялауға да шектеулер енгізілді. Мысалы, Мәскеуде ұшқышсыз аппараттардың шабуылы салдары туралы мәліметтерді тек ресми дереккөздер арқылы тарату талап етіледі. Бұл жағдай соғыс барысы туралы объективті ақпараттың азаюына бастап алып келіп, нақты әскери ахуалды бағалауды қиындатады.

Қорытынды

Ресейдің 1960-жылдардағы ӘҚҚ жүйелерін қайта қолдануы — сасқан үйректің артымен жүзуінің стратегиялық белгісі сықылды да көрінеді. Бұл бір жағынан ресурстық тапшылықты көрсетсе, екінші жағынан қазіргі соғыс сипатының өзгергенін айқын дәлелдейді.

Айтары жоқ, дрондар дәуірінде классикалық әуе қорғанысы жүйелері жеткіліксіз болып қалды. Ал жаңа технологияларға толық бейімделе алмаған армиялар ескі шешімдерге қайта оралуға мәжбүр болып отыр. Егер бұл одан әрі тенденция жалғасса, онда Ресей үшін басты мәселе тек қару-жарақ жетіспеушілігі емес, соғыстың жаңа форматына бейімделу қабілетіне қаншалықты дайын екендігін таныту болмақ.