NetBlocks халықаралық интернетті бақылау қызметі Ауғанстан аумағында интернеттің толық өшірілгенін тіркеді, деп хабарлайды DW.
Бақылау қызметінің мәліметінше, бұл тәліптер жүргізіп отырған «адамгершілік сақтау» саясатына байланысты.
2025 жылғы 29 қыркүйекте, дүйсенбі күні, Ауғанстан аумағында интернет байланысы толық үзілгені хабарланды.
— Ауғанстан қазір интернеттен толықтай ажыратылды, себебі «Талибан» билігі адамгершілік қағидаларын сақтау мақсатында тиісті шаралар қабылдап жатыр, — делінген NetBlocks қызметінің Telegram-арнасындағы хабарламада.
Сонымен қатар елде телефон байланысы да бұзылған.
AP агенттігінің мәліметінше, бұл — «Талибан» 2021 жылғы тамызда билікке келгеннен бергі алғашқы толық ажырату жағдайы.
Қыркүйек айының ортасында тәліптер «адамгершілікті сақтау» мақсатында Ауғанстанның солтүстігіндегі өңірлерде талшықты интернетті (оптикалық желіні) өшірген болатын.
— Бұл шара бейәдеп әрекеттердің алдын алу үшін қабылданды. Елде халықтың қажеттіліктерін өтеу үшін балама желі құрылатын болады, — деді ауған үкіметінің өкілі журналистерге.
AP агенттігінің дерегінше, ол кезде тек Балх провинциясында ғана интернет ажыратылған. Алайда Reuters агенттігі кабельдік интернет солтүстіктегі бес провинцияда да жұмыс істемегенін хабарлады: Балх, Кундуз, Бадахшан, Баглан және Тахар.
Интернеттің толық ажыратылуы салдарынан елдің көптеген өңіріндегі үйлер, мемлекеттік органдар мен бизнес нысандар Wi-Fi желісінен тыс қалды. Алайда ресми деректерге сәйкес, сол уақытта мобильді интернет қызметі тоқтатылмаған.
Бұдан бұрын «Талибан» қозғалысы АҚШ президенті Дональд Трамптың қоқан-лоққысын елемеді және оның Ауғанстандағы 20 жылға созылған соғыс кезінде Вашингтон бақылауында болған Баграм әуе базасын беру туралы талабын қабылдамады.