Аустралияның Сидней қаласында Бонди-Бич жағажайында иудей халқының Ханука мерекесінің басталуына арналған іс-шара кезінде болған террористік шабуылдың мән-жайы анықталуда, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі Bild басылымына сілтеме жасап.
Полицияның мәліметінше, шабуыл салдарынан 16 адам қаза тапқан, олардың арасында шабуыл жасағандардың бірі де бар. Тағы 40 адам түрлі деңгейде жарақат алған. Зардап шеккендердің қатарында екі полиция қызметкері де бар. Жараланғандар қаланың бірнеше ауруханасына жеткізілді, олардың бірқатарының жағдайы ауыр деп бағалануда.
Қаза тапқандардың арасында раввин Эли Шлангер де бар екені белгілі болды. Оның өлімін өзі мүшесі болған «Хабад-Любавич» қозғалысы растады. Аустралия билігі аталған оқиғаны ресми түрде антисемиттік бағыттағы террористік акт деп таныды. Полиция дерегіне сәйкес, екі шабуылдаушының бірі атыс кезінде көз жұмған, екіншісі ауыр халде ауруханаға жеткізілген.
Тергеу органдары үшінші террористің болуы мүмкін деген нұсқаны да тексеріп жатыр.
ABC телеарнасының хабарлауынша, теракт болған жерге жақын маңдағы автокөліктің ішінен қолдан жасалған жарылғыш құрылғылар табылған. Олар саперлер тарапынан залалсыздандырылып, брондалған көлікпен әкетілген.
— Сиднейде Ханука мерекесі кезінде жасалған антисемиттік теракт мені қатты күйзелтті. Бұл — біздің ортақ құндылықтарымызға жасалған шабуыл. Антисемитизмге Германияда да, бүкіл әлемде де нүкте қойылуы тиіс, — деп жазды Германия канцлері Фридрих Мерц X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.