ALASHORDA Мәзір
Спорт

Бастаған жұмысымды бел ортасынан тастап Қордайдан кете алмаймын – Руслан Қасымбеков

Бастаған жұмысымды бел ортасынан тастап Қордайдан кете алмаймын – Руслан Қасымбеков

Осы жылдың 29 маусымында Таиланд Корольдігінің Паттайя қаласында еркін күрестен 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеде Жамбыл облысы Қордай ауданының Бетқайнар ауылынан шыққан балуан Наиль Зейналов 68 келі салмақ дәрежесінде күміс жүлдеге ие болды. №17 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің түлегі атанған жас спортшының бұл жетістігі Қордай ауданының спорт тарихындағы маңызды белес саналады. Өйткені бұл – 2000 жылдан бері ауданның еркін күрес спортындағы Азия чемпионаты деңгейінде қол жеткізген алғашқы ірі халықаралық жүлде.

Alashorda.kz ақпараттық агенттігі Наиль Зейналовтың жеке бапкері Руслан Қасымбековке хабарласып, сұхбат алды. Ол №17 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде еркін күрестен жаттықтырушы әрі Бетқайнар ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы №27 мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі екен.

– Руслан, төл шәкіртіңіз Наиль Зейналов Таиланд Корольдігінің Паттайя қаласында өткен 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында күміс жүлдеге қол жеткізіп, ел мерейін үстем етті. Бұл – өзіңіз үшін де, Қордай ауданының еркін күресі үшін де тарихи жетістік десек артық емес. Ең әуелі осы жарыс туралы айтып өтсеңіз. Будда елінде өткен байрақты бәсекеде Наиль қандай қарсыластармен белдесті? Әр белдесу қалай өрбіді, қай кездесулер ерекше қиын болды? Сондай-ақ финалдағы тартыс туралы да кеңірек тоқталсаңыз.

– Наиль ең бірінші – Қырғыз елінің балуаны Ариет Замирбековпен күресіп, оны 12:10 ұпаймен жеңсе, екінші айналымда Өзбекстан өкілі Бехруз Давроновты 11:0 ұпаймен айқын басымдықпен жеңіп кетті. Өкінішке қарай финалда тәжік елінің спортшысы Абубакр Хакимовпен кездесіп, одан 0:8 есебімен ұтылып қалды. Тәжік балуаны өткен жылы Азия чемпионатының финалына дейін жетіп, күміс жүлде алған екен. Өкінішке қарай тактикамыз дұрыс болмай ұтылып қалдық. Нақтырақ айтсам қорғанып күресудің орнына шабуылдап күрестік те есе жібердік. Халықаралық деңгейдегі жарыстарға бірінші рет қатысып отырған ауыл баласы үшін Азия чемпионатының күміс жүлдесін алу да аз жетістік емес. Әйтсе де шәкіртімнің кемшін тұсын одан әрі жетілдіріп, алдағы додаларда жеңіске жетеміз деген ниеттемін.

Негізі Таиландтағы чемпионатқа дейін іргеміздегі Қырғыз елі мен Шешенстанның астанасы Грозный қаласына барып жүлдері орын алып келдік. Азия чемпионатының алдында Дағыстанның белді балуандармен дайындық жұмыстарын жүргіздік.

– Наильдің халықаралық деңгейдегі жетістігін көпшілік жақсы біле бастады. Ал осы Азия чемпионатына дейін ол еліміздегі қандай жарыстарда өзін көрсетті? Қазақстан чемпионаттары мен республикалық турнирлердегі жетістіктеріне тоқталсаңыз. Жалпы, оның спортшы ретінде қалыптасуына ерекше ықпал еткен жарыстар мен жеңістері қайсы болды?

– Халықаралық деңгейдегі жарыстарға бірінші рет қатысып отырсақ та, облыстық және республикалық додаларда жеңіске жетіп жүрдік. Ең бірінші Қордай ауданында өткен жарыста үздік болып, Жамбыл облысының чемпионатына қатысып, онда чемпион болдық. Одан кейінгі ең басты ірі жетістігіміз еркін күрестен 15 жасқа дейінгі жастар арасында Қазақстан чемпионы болуымыз дер едім. Аталған чемпионатта бірінші Алматы қаласы, екінші Павлодар облысы, үшінші Түркістан облысы және төртінші Жамбыл облысының балуанымен белдестік. Ал финалда Қызылорда облысының спортшы Айбар Айтқалимен кездесіп, жеңіске жеттік.

Осы ретте Наильдың еліміздегі жарыстардың бәрін де 10:0 немесе тушемен жеңіске жетіп жүргенін айтып өткен жөн. Бұл әрине оның бабы мен бағы қатар шапқанын көрсетеді.

– Өзіңіз немесе шәкіртіңіз Тайландқа барған кезде қандай әсер алдыңыздар? Жарыстың ұйымдастырылу деңгейі, жергілікті халықтың спортқа деген көзқарасы мен жарыс атмосферасы туралы айтып өтсеңіз. Бұл сапардан есте қалған ерекше сәттер болды ма?

– Әрине Қырғызстан мен Шешенстаннан қарағанда Тайландттағы сапардың бәсі мен жауапкергшілігі жоғары болды. Себебі Қазақстан атынан бірінші рет халықаралық чемпионатқа қатысып отырмыз. Оның үстіне Паттайя қаласының климатына бейімделе алмай, қиналдық. Салмақ қуу жағынан емес, ауа-райының тым ыстықтығына шыдау керек болды. Осы ретте аға бапкерлерге рахмет айтамын, қолынан келгенше жанымызда болып қолдап отырды.

– Алақандай ғана Бетқайнар ауылының тумасы Азия чемпионатының финалына дейін жетіп, күміс жүлдеге ие болды. Бұл жетістікті ауылдастары мен аудан жұртшылығы қалай қабылдады? Елдің ыстық ықыласы мен қолдауы Наильге қандай әсер етті?

– Негізі Жамбыл облысы еркін күрестен еліміз бойынша алдыңғы қатарда тұр. Соңғы 5 жыл бойы ересектер арасында бірінші болып тұрмыз. Бірақ Қордай ауданынан еркін күрестен 2000 жылдан бері Қазақстан және Азия чемпионатында жүлде алмаған екен. Сол себепті аудан жұртшылығы жеңісімізге ерекше қуанды.

– Жарыстан оралғаннан кейін Бетқайнар ауылының тұрғындары сіздерді ерекше қошеметпен қарсы алған екен. Осындай ыстық ықылас болады деп күттіңіз бе? Ауылдастарыңыздың қолдауы мен құрметі өзіңізге және шәкіртіңізге қандай әсер қалдырды?

– Шыны керек, қордайлық азаматтар ерекше ілтипатпен қарсы алады деп ойламадым. Қоррдай ауданының 30 шақты жастары әуежайға келіп, айрықша ықыласпен күтіп алды. Наилдың жүлдесіне қуанып, барыннша қолдап, қолпаштағына дән риза болдым. Ерекше қошеметпен күтіп алған азаматтардың ішінде еркін күреспен айналысып жүрген азаматтар да бар.  

Негізі Наидың жүлдесі Қордай ауданына ғана емес, бүкіл Жамбыл облысының ауыл жастарына «Менің де жеңіске жетуіме болады екен» деген мотивация берді. Үлкен қалаға бармай ауылда жаттығып-ақ Қазақстан чемпионы әрі Азия чемпионатының күміс жүлдесіне ие болатынына көзі жетті. Өзіміздің Қордай ауданының бапкерлер мен оқушылары «Бізде жетістікке жетеміз» деп оталып отыр.

– Қазақта «Ұстазынан шәкірті озады» деген қанатты сөз бар. Шәкіртіңіздің Азия чемпионатының финалына дейін жетіп, ел мерейін өсіргені сіз үшін де үлкен мақтаныш болғаны анық. Сол сәтте қандай сезімде болдыңыз, бұл жетістік ұстаз ретінде еңбегіңіздің ақталғанын сездірді ме?

– Өзім кезінде Бетқайнар ауылында еркін күреспен айналысқан болатын. Кейін мектепті бітіргеннен кейін Қырзстанға оқуға барып, шыңдала түстім. Кейін Тараз педагогикалық университетінде білімімді жалғастырып, ол жерде еркін күреспен айналыстым.

Негізі әр бапкердің арманы шәкіртінің биік белесті бағындырғаны ғой. Оқушы да өз балаң секілді ғой, күні-түні соның жанында жүріп, жаттықтырып жатасың. Себебі өзім жете алмаған нәтижеге оқушыларым жетсе деген ойдамын. Наилдың Қазақстан чемпионы болғанына ерекше қуандым. Өкінішке қарай мен кезінде мұндай жетістікке жете алмадым. Себебі біздің кезімізде бозкілем мен аяқ киімнің өзі болмай, қажетті жағдай жасалмады.

Наиль спорт мектебіне барғаннан кейін бұдан да ірі жетістіктерге жетеді деген сенімдемін. Наилдан бөлек болашағынан зор үміт күтттіріп отырған балалар бар. Олармен де күндіз-түні жұмыс істеп жатырмын. Кез келген бапкер өз шәкіртінің Олпимпадаға апарып, қазақ елінің туын желбіретсем деп армандайды.

– Наиль биыл 9-сыныпты аяқтады. Алдағы уақытта спорттағы кәсіби жолын жалғастыру үшін спорт колледжіне түсу жоспары бар ма? Жалпы, шәкіртіңіздің болашағына қатысты қандай жоспарларыңыз бар?

– Наиль спорт интернатына түсіп, бабын одан әрі шыңдайды деп отырмыз. Оның үстіне еліміздегі үздік спорт интернаттары Наилдың өздерінде білім алғанын қалап, жан-жақтан хабарласып сұрап жатыр. Шәкіртім мықты спорт мектебіне барып, өзінің потенциолын аша түссе екен деймін. Себебі біздің ауылда Наилдың деңгейінде күресетін бала жоқ. Егер Наилға лайықты қарсылас болмаса, оның қарым-қабілеті төмендей береді. Ауылды айтпағанда ауданда да оған қарсыластар жоқ. Спорт интернатына мықты балуандар келетіндіктен, ол жерде бәсеке жоғары болады. Ата-анасымен ақылдасып, Жамбыл облысындағы спорт мектебіне берсек деп отырмыз.  

– Наиль спорт колледжіне немесе үлкен қаладағы спорт мектебіне кеткен соң, әрине, оның жаңа бапкерлері болады. Дегенмен, бала күнінен баптаған шәкіртіңіздің халықаралық жарыстарда өзіңіздің жетекшілігіңізбен өнер көрсеткенін қалайтын шығарсыз. Шәкіртіңізбен қоштасу сіз үшін қаншалықты қиын болмақ?

– Әрине, ондай ой болады ғой. Бірақ біздің спорт мектепте 17 жасқа дейінгі балаларды баптай аламыз. Ал енді ересектерді жаттықтырып, оларды жарыстарға алып бара алмаймыз. Әйтсе бе әр бапкер өз шәкіртін Олимпиадаға дейін апарсам деп үміттенеді ғой. Бірақ өкінішке қарай ауылды жер болғаннан кейін бізде ондай мүмкіндік жоқ. Десек те Наилдың бірінші бапкері болып қаламыз.

– Наильдің Азия чемпионатындағы жетістігінен кейін аудан немесе облыс әкімдігі тарапынан қандай қолдау көрсетілді? Жас спортшыны әрі қарай қолдау, оқу-жаттығу жиындары мен халықаралық жарыстарға қатысуына байланысты нақты көмек көрсетіле ме?   

– Әрине жергілікті әкімшілік қолдан келгенше қолдап, қолпаштап жатыр. Жамбыл облысы әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимов мені ауылдың бапкері деп бөлмей, аға бапкерді жібермей, мені Тайландқа жеке бапкер ретінде жіберді. Негізі балуанның жеке бапкері қаржыға байланысты халықаралық жарыстарға бара бермейді.  Сондай-ақ Жамбыл облысының грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Алпамыс Бақытұлына мыңда бір рахмет. Азия чемпинатынан кейін қаржылай және жан-жақты қолдау көрсетті.

– Наильден бөлек, бүгінде болашағынан зор үміт күттіретін, республикалық немесе халықаралық деңгейде топ жарып жүрген тағы қандай шәкірттеріңіз бар? Жалпы, Қордай ауданында қазақ күресінің болашағын жалғайтын дарынды жас спортшылар жеткілікті ме?

– Қордай ауданында болашағынан зор үміт күттіретін жастар көп. Әріптесім Әлиасқардың шәкірті Данияр Есенқұл 17 жасқа дейінгі жастар арасында Қазақстан чемпионатында үшінші орын алды. Оның алдында 15 жасқа дейінгі балуандардың арасында екінші орын иемденген болатын.  

Ал өзімнің 85 кг салмақты болашағынан үміт күттіретін Серік Ернияр деген шәкіртім бар. Ал 41 келі салмақта Рауан Нұрасыл, Жаңалық Әли деген оқушым бар. Ол мектеп оқушылары арасында Қазақстан чемпионы атанды.

– Қаладан қарағанда ауылда бапкер болу оңай емес шығар. Азия чемпионатының финалына дейін жеткен шәкірт тәрбиелеп отырсыз. Мұндай деңгейдегі спортшыны дайындау үшін мамандыққа деген ерекше сүйіспеншілік пен табандылық қажет шығар. Сізді осы жолдан тайдырмай келе жатқан күш не?

– Әр бапкер өзінің жұмысын сүймесе, оның нәтижеге жетуі қиын болады. Себебі жұмысқа жан-тәнімен беріліп жұмыс істегенде ғана нәтиже болады деген ойдамын. Мәселен аптасына 3-4 жаттығу жасау керек болса, біз 6 күн бойы баламен жұмыс істейтінбіз. Баладан нәтиже шығарайық деп күн сайын тынбай еңбек еттік. Тараз немесе Алматы секілді спорт мектептерінде аптасына 5-6 күн бойы жұмыс істейді. Бізде сол мектептер секілді әрекет етпесек, олардың нәтижесіне жету қиын емсе пе? Осыны ескеріп, аптасына 6 күн бойы балаларды жаттықтырдық. «Еңбек түбі жеңбек» демекші, тындай еңбектенудің арқасында шәкіртіміз биік белесті бағындырып жатыр.  

– Ертең Наиль Тараздағы спорт колледжіне немесе мамандандырылған спорт мектебіне түсіп, кейін өзімен бірге сізді де бапкер ретінде шақырып жатса, ондай ұсынысты қабылдар ма едіңіз? Әлде туған ауылыңызда қалып, ауыл балаларын тәрбиелеуді жөн көресіз бе?

– Шынымды айтсам жоқ. Ауылдың өзінде жеке өзімнің 50-60 оқушым бар. Жалпы ауылда 150-ге жуық бала күреспен шұғылданады. Мен «Қордай ауданының жастарын көтерсем» деген үміттемін. Бастаған жұмысымды бел ортасынан тастап Қордайдан кете алмаймын, оны үстіне балаларды қимаймын. Бұдан бөлек ересек балалар өз жолын тауып кетсе, оның артынан жасөспірім балалар қаулап өсіп келе жатыр. Олардың бәрі чемпион болмаса да жаман әдеттен аулақ болып өссе, соны өз аз жетістік емес деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рахмет.