Мәзір
Заң мен тәртіп

Елордада «Астана – есірткісіз қала!» акциясы аясында жиын өтті

Елордада «Астана – есірткісіз қала!» акциясы аясында жиын өтті
Аlashorda.kz

Салауатты өмір салтын насихаттау және жастар арасында есірткі тұтынудың алдын алу мақсатында С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде «Астана – есірткісіз қала!» акциясы аясында іс-шара өтті, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

Кездесу барысында белгілі спортшылар мен медиа тұлғалардың қатысуымен ашық диалог ұйымдастырылды. Атап айтқанда, әйгілі зілтемірші Илья Ильин, боксшы Ангелина Лукас, MMA бойынша кәсіби жекпе-жек шебері Василий Тахтай, блогер әрі кәсіпкер Әлібек Ермағамбетов қатысты.

Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің аппарат жетекшісі Жазира Жылқышиева сөз сөйлеп, университет заң мен тәртіп қағидатын қолдайтынын айтты.

«Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан Республикасы Президентінің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын орындау мақсатында биылғы жылдың 1 сәуірінде Үкіметтің қаулысымен қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдама бекітілді.

Заң мен тәртіп – азаматтардың еркін дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін іргелі негіз. Қоғамдық тұрақтылық пен адамдардың үйлесімді өмір сүруі заң мен тәртіпсіз мүмкін емес. Әрқайсымыз заң талаптарын білуге және оларды орындауға міндеттіміз.

Өйткені құқықтық сауаттылықтың төмен болуы жағымсыз үдерістердің белең алуына әкеледі. Көшедегі мәдениетсіздіктен бастап төбелес, ұрлық, құқық бұзушылықтың барлық түріне ымырасыз қарсы тұру, қоғам болып күресу өте маңызды.

Азаматтардың заңдылықты нығайту жолында жұдырықтай жұмылуы ғана қоғамда әділдіктің орнауына негіз болады. Заңға деген құрмет әрбір адамға тән қасиет ретінде дәріптелуі қажет. Өйткені бұл баршамызға ортақ міндет. Азаматтардың заңға бағынуы олардың құқығын шектеу емес, керісінше тәртіпке бағынған қоғам өркениетті қоғамға айналады.

Жалпы әрбір азаматтың өзін қауіпсіз сезінуі үшін құқық қорғау органдарына да үлкен жауапкершілік жүктеледі. Сондықтан заң мен тәртіп қағидатын бірізді іске асыруда полицияның айрықша рөлі бар. Бүгінде Астана қаласы Полиция департаментінің бастамасымен университетімізде өтіп жатқан «Астана – есірткісіз қала» акциясы осы жұмыстың бір көрінісі.

Сол себепті Полиция департаментіне және жалпы Ішкі істер министрлігіне бұл іс-шараны ұйымдастырғаны үшін алғыс білдіремін. Біздің университет жастары бұл қағидатты қолдайды және оны ұстанады. Қазіргі таңда университетімізде 17 мыңға жуық студент, магистрант және докторант білім алады. Жастарымыз Ішкі істер министрлігінің бастамаларын қолдайды», – деді ол.

Салауатты өмір салтын насихаттау және жастар арасында есірткі тұтынудың алдын алу мақсатында С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде «Астана – есірткісіз қала!» акциясы аясында іс-шара өтті.