Мәзір
Әлем

Еуроодақ Ресей газынан толық бас тарту тетігін қарастырып жатыр

Еуроодақ Ресей газынан толық бас тарту тетігін қарастырып жатыр
Ашық дереккөздерден

Еуропалық Одақ 2027 жылдың соңына дейін Ресей газынан толық бас тартуды көздейтін REPowerEU жоспары аясындағы регламенттің соңғы нұсқасын мақұлдады. Құжат ЕО-ға мүше елдердің тұрақты өкілдері деңгейінде келісілді, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі Deutsche Welle агенттігіне сілтеме жасап. 

Еуроодақтың 27 елінің 25-і заң жобасын қолдаған. Онда Ресейден жеткізілетін сұйытылған табиғи газ бен құбыр арқылы келетін газдан бас тарту мерзімдері, талаптарды орындамаған жағдайда қолданылатын шаралар, сондай-ақ Ресей мұнайынан толықтай бас тарту мәселесі қамтылған.

ЕО өкілдерінің түсіндіруінше, бұл шешім санкциялардан өзгеше сипатқа ие. Егер санкциялар белгілі бір жағдайда алынуы мүмкін болса, жаңа регламент Ресей газына қатысты тұрақты эмбарго енгізуді көздейді және оның орындалуын бақылаудың қатаң тетіктерін қамтиды.

Сондай-ақ, санкциялар сыртқы саясат саласына жататындықтан, оларды қабылдау үшін барлық елдердің бірауызды келісімі қажет. Ал саудаға қатысты шешімдер мұндай талапқа бағынбайды.

Соған қарамастан, Венгрия мен Словакия ЕО-ның Ресей газынан толық бас тарту бастамасын қолдамай отыр. Бұл елдердің экономикасы Мәскеумен жасалған тиімді газ келісімшарттарына әлі де тәуелді.

 Енді құжатты Еуропарламент дауысқа салып, кейін Еуроодақ Кеңесі ресми түрде бекітеді.